Солтүстік Қазақстан облысындағы Шал ақын ауданында жаңа үйлер сүріліп жатыр

Солтүстік Қазақстан облысындағы Шал ақын ауданында жаңа үйлер сүріліп жатыр. Бұл баспаналар бірнеше жыл бұрын Еңбек мемлекеттік бағдарламасы аясында бой көтерген. Алайда, бүгінде олар апатты деп танылған. Жергілікті билік бұған жауапсыз тұрғындарды кінәлап отыр. Мемлекетке келген шығынды кім өтейді? Аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкин анықтап көрді. 

Нұркен Баязитов 2019 жылы Еңбек бағлараламасы аясында Астанадан Қызылжар өңіріндегі Сергеев қаласына қоныс аударды. Екі ұлдың әкесі көлік жөндеу орталығын ашып, нәпақасын тауып отыр. Одан бөлек, азын аулақ малы бар. Үйдің қасынан ірі малқора мен көлікжай салған. Ал биыл 6 милилон теңгеге үлкен монша соғып алғанын мақтанышпен айтып отыр. 

Шал ақын ауданының орталығы Сергеев қаласында Еңбек бағдаралмасы аясында 109 үй бой көтерді. Оның жартысы күнгейден қоныс аударушыларға берілген. Алайда, кейбір отбасылар күн суытқан кезде үйлерін тастап, қайтадан оңтүстікке көшіп кеткен. Салдарынан батарейлер қатып, пештер жарылып кеткен. Қабырғалар дымқыл тартып, үй жарамсыз болып қалған. Көршілердің айтуынша, бұның барлығы - салғырттықтың салдары. 

ҚАЛДЫБАЙ СҰРХОДЖАЕВ, СЕРГЕЕВ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Кетіп жатқандар подъемный ақшаға қызығады. Жалқаулық қой негізі. Қай жерде болсаң, жалқаулыққа ешкім бермейді. Әр жерде қыбырлап, әйтеуір жұмыс істеп, үкіметтің бағдарламасымен подъемный алдық. Ол бір-екі айда әумин таусылды ғой. Оған қарап отырған жоқ. Өзіміз қимылдап, 5 теңгені 10 теңге қылып жүрген жағдайымыз бар. 

Аудандық әкімдік қаңырап қалған үйлердің жағдайын саралау үшін арнайы экспертиза тағайындаған. Нәтижесінде 14 үй апаттық деп танылды. Қазір билік өкілдері оларды бірінен соң бірін бұзып жатыр. 

ЖАРҚЫН МҰХАМЕДЖАНОВ, СҚО ШАЛ АҚЫН АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Тұрғындар біздің облысқа отбасымен көшеді. Мемлекеттен көтермеақы алады, үйге ие болады. Ай сайынғы төлемі не бары 7-8 мың теңге. Алайда, қазан-қараша айларында үйлерін құлттап, кетіп қалады. Біз оларды тауып, үйлерді қайтадан тапсыруды талап етеміз. Алайда, олар бірден қайтаруға асықпайды. Бұл мәселені сот арқылы шешу көп уақыт алады. Салдарынан үйлер жарамсыз күйге көшеді. 

Тек Шал ақын ауданы бойынша бюджетке 41 миллион теңге көлемінде шығын келді. Аудандық әкімдік көтермақыны қайтарып алу үшін 40 отбасыны сотқа берді. Бүгінде шығынның тең жартысы өндірілді.