Ел дамуының басым бағыттарын айқындаумен қатар саяси өзгерістер халықтың күнделікті өміріне қалай әсер ететінін түсіндіру де маңызды. Осы мақсатта "Әділет" партиясының өкілдері өңірлерде еңбек ұжымдарымен және студент жастармен кездесті. Қатысушылар инфрақұрылымның жай-күйі, тасымал сапасы, еңбек жағдайы мен алдағы даму бағыттарына қатысты ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
«Әділет» партиясының мүшелері Астанада Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттерімен кездесу өткізді. Жиында Президент Жолдауының негізгі бағыттары, келесі жылдан басталатын ауқымды құрылыс жұмыстары жайы талқыланды. Сондай-ақ студенттерге экономика мен салық жүйесінде күтілетін өзгерістер, ең төменгі жалақының 110 мың теңгеге дейін көтерілуі туралы ақпарат берілді. Жастар қоғамдық ұйым өкілдеріне, заңгерлер мен кәсіпкерлерге көкейдегі сұрақтарын қойып, елдің болашағына қатысты ой-пікірлерін ортаға салды.
СЕРІКЗАТ ДҮЙСЕНҒАЗЫ, «ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫ АСТАНА ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫ САЯСИ КЕҢЕСІНІҢ МҮШЕСІ:
Жолдауда айтқан мәселелердің жастарға тікелей қатысы бар. Әрбір қазақстан азаматына қатысы бар мәселе. Президенттің жылдағы жолдауы алдағы жылы шешілетін өзекті мәселелер. Жыл сайын жоспар жасалады. Мемлекеттік жоспар. Соған байланысты мемлекеттен 6,5 трлн теңге бөлінеді деп жатыр. Оның барлығын бақылайтын арнайы комиссия құрылады. Бұл жерде тек мен ғана емес, заңгер мамандар бар ортамызда. Басқа да сала мамандары бар. Солар арқылы қойылған сұрақтарға жауап береміз.
Теміржол - өңірлерді байланыстыратын көлік түрі ғана емес. Экономикалық дамуға жол ашатын стратегиялық инфрақұрылым. Әсіресе, тоғыз жолдың торабында орналасқан Сыр өңіріне жүк тасымалының әлеуеті нығайса, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға сеп болады. Бұл туралы «Қызылода магистралдық желі бөлімшесі" қызметкерлері мен сала мамандарының кездесуінде айтылды. Басқосуда ақпараттық-түсіндіру тобының өкілдері Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған көлік-логистика саласын дамытуға зер салды.
ӘЛІБЕК ЖАППАСБАЕВ, АҚПАРАТТЫҚ-ТҮСІНДІРУ ТОБЫНЫҢ ӨКІЛІ:
Мемлекет басшысының тағы да айтқан мәселесі логистика мәселесі болды. Яғни жүк тасымалдау, адам тасымалдау, жалпы осыны дамыту мақсатында көптеген жұмыстар жүзеге асып жатыр деді. Және тағыда бір мәселе ол «Бейнеу-Сексеуіл» тас жолын айта кетті. Бұл да өзіндік экономиканың дамуына, жаңағы айтқандай Қазақстанның Орта Азиялық жүк тасымалдау логистикалық үлкен хабына айналуына мүмкіндік береді.
Ал Қызылжардың Бескөл ауылында Радуга серіктестігінің ұжымы қалдықтарды қайта өңдеу ісіне жіті тоқталды. Мемлекет басшысы экологияны сақтап, табиғи ресурстарды ысырап етпеуге шақырғаны есте. Осы орайда Радуга серіктестігінің еңбегі ерен. Компания ай сайын полиэтиленнің 270 тоннасын қайта өңдеп, тұрмысқа арналған заттар жасайды.
ПЁТР ШАРАПАЕВ, «РАДУГА» ЖШС АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:
Біз Солтүстік Қазақстан облысы мен көрші аймақтардан бардық картон мен ақ қағазды жинап, оны қайта өңдейміз. Қағаз майлықтар мен әжетхана қағаздарын шығаратын арнайы зауыт салдық. Айына 300 тонна шикізат қабылдаймыз. Ел президентінің саясатын қолдай отырып, біз бұл қалдықтардың қоқыс полигонына жетуіне жол бермей, оны кәдеге жаратып отырмыз.
Атыраудағы мұнайшылар қауымы «Халықтық құрылыспен» бірге , еңбек адамдарын әлеуметтік қолдау, энергетикалық қауіпсіздік, салық заңнамасын жетілдіруге арналған өзгерістерге айрықша тоқталды. Кездесуде «Ембімұнайгаз» кәсіпорнының бастауыш партия ұйымы құрылып, төрағасы мен бюро мүшелері сайланды. Олар жолдауды бұдан әрі құрылымдық бөлімшелерінің еңбек ұжымдары арасында талқыламақ.
ЖӘНІБЕКБАЙ ТӨЛЕГЕНОВ, «ЕМБІМҰНАЙГАЗ» АҚ БАСТАУЫШ ПАРТИЯ ҰЙЫМЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Біздерде 2029 жылға дейін қазіргі энергетиканың қауіпсіздігін арттыру мақсатына біздің «Ембімұнайгаздың» өзі үлкен үлес қосып отыр. Оның ішінде қазіргі таңда газ поршенді электр қондырғы, өзіміздің генерациямыз қолдауға алып, осы қара айының соңына дейін біздер жалпы көлемде 14,5 мегабайтты құрайтын газ поршеньді электр қондырғыдан электр қуатын өндіретін боламыз.
Мұндай кездесулер орталық мемлекеттік органдар мен өңір жұртшылығы арасындағы өзара байланысты нығайтуға бағытталған. Қоғамның түрлі салаларындағы өзекті мәселелерді талқылауға және азаматтардың ел дамуының стратегиялық бағыттары туралы хабардарлығын арттыруға мүмкіндік береді.