Қазақстандықтар енді өз елімізде құрастырылған заманауи пойыздармен қатынайды. Астана мен Алматы арасында швейцариялық технология негізінде жасалған жаңа вагондар алғаш рет жолға шықты. Теміржол көлігі Қазақстанның климаттық жағдайына бейімделген. Олар 50 градус аяз бен 45 градус аптап ыстықта да үздіксіз жұмыс істеуге қауқарлы. Жолаушыларға қолайлы жағдай жасауға да ерекше мән берілген. Купе вагондарында 40, ал плацкартта 58 орын бар. Әрбір жолаушы орны жеке жарық шамымен, тоқ көзімен және USB қосқышымен жабдықталған. Сонымен қатар вагондарда ауа баптау жүйесі, тегін Wi-Fi және бейнебақылау камералары орнатылған. Жүк сақтайтын орындар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арнайы жабдықтар да қарастырылған.
ЖӘНІБЕК ТАЙЖАНОВ, ҚР КӨЛІК ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
Бұл - еліміздің теміржол саласы үшін маңызды оқиға. Жаңа құрамның қолданысқа берілуі жолаушылар тасымалын жаңғыртып, қызмет сапасын арттыруға бағытталған. Жобаның тағы бір ерекшелігі - өндірістің Қазақстанда жолға қойылуы. Бұл отандық өнеркәсіпті дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және заманауи технологияларды енгізуге мүмкіндік береді. Алдағы уақытта жолаушылар паркін жаңарту жұмыстары жалғасады.