Бұған дейін іздеуде болған 1982 жылы туған Ринат Ахметовтің мәйітін 11 қараша күні сағат 15:40-та полиция қызметкерлері тапты
Ер адамның денесі Бородулиха ауданына қарасты Нововасильевка ауылынан шамамен 35 шақырым қашықтықтағы далалық жерден табылған, деп хабарлайды Astana TV.
Алдын ала мәлімет бойынша, өлімге үсіп қалу себеп болуы мүмкін. Қайтыс болудың нақты себебін анықтау үшін сот-медициналық сараптамасы тағайындалды.
Іздеу жұмыстарына 60-тан астам полиция қызметкері, оның ішінде Абай облысы Полиция департаментінің 30 ЖҚАЖ қызметкері қатысты. Сонымен қатар, төтенше жағдайлар органдарының 10 қызметкері, 50 әскери қызметші, төрт ерікті және жоғалған азаматтың 10 туысы мен достары жұмылдырылды. Іздеу жұмыстарына жергілікті тұрғындар да көмектесті. Жету қиын, жолы күрделі жерлерде жергілікті тұрғындардың 12 тракторы мен полицияның екі квадроциклі пайдаланылды.
Абай облысы Полиция департаменті марқұмның туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады.