Қазақстандық платформада 15 мыңнан астам оқырман тіркеліп, 10 мыңнан астам кітап оқылып аяқталған
Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев «PARAQTA» онлайн кітапхана платформасының негізін қалаушылармен кездесті. Кездесу барысында отандық жобаның жұмысы, оқырмандар белсенділігі және кітап қорын толықтыру мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Astana TV жоба өкілдерінің әлеуметтік желідегі жазбасына сілтеме жасап.
Кездесуде министр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі бастамалары аясында жүзеге асырылып жатқан жұмыстар туралы айтты.
Атап айтқанда, министрлік үйлестіретін «Кітап оқитын ұлт» жалпыұлттық марафонының нәтижелері таныстырылды. Бүгінде reading-nation.kz платформасына 1,4 миллионнан астам адам тіркелген. Қатысушылар 842 мыңнан астам кітап оқып, оқыған шығармалары туралы 50 мыңнан астам бейнепікір жариялаған.
Арман Қырықбаев «PARAQTA» платформасының мүмкіндіктерімен танысып, жастарды кітап оқуға тарту бағытындағы бастамаға қызығушылық білдірді. Сондай-ақ жобаны дамыту үшін қандай қолдау қажет екенін сұрады.
«PARAQTA» – оқырмандардың кітап оқудағы белсенділігін бақылауға және бастаған шығармасын аяқтауға ынталандыратын қазақстандық платформа. Оның ерекшелігі – жүйеде электронды және қағаз кітаптарды оқу да есепке алынады.
Жоба өкілдерінің мәліметінше, қазір платформада 15 186 оқырман тіркелген. Олар жалпы 1,2 миллион бет оқып, 10 738 кітапты соңына дейін жеткізген. Сонымен қатар платформа аясында 180 кітап клубы жұмыс істейді.
Жоба бір жыл екі ай бұрын іске қосылған. Алты ай бұрын оның сайты жұмысын бастаса, екі апта бұрын мобильді қосымшасы App Store дүкенінде қолжетімді болды.
Қазір платформаны дамытудағы негізгі міндеттердің бірі – кітап қорын кеңейту. Бүгінде мұнда авторлық құқық мерзімі аяқталып, қоғамдық игілікке өткен 150-ге жуық шығарма тегін ұсынылған. Алайда оқырмандар қосымша арқылы оқуға болатын кітаптардың санын арттыруды сұрап отыр.
Кездесу барысында министрлік өкілдері кітап қорын заң талаптарына сәйкес толықтыруға қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізген. Сондай-ақ офлайн кездесулер мен бірлескен іс-шаралар өткізуге арналған алаң қарастыру мәселесі сөз болды.
Жоба авторлары министр Арман Қырықбаевқа және Мәдениет және ақпарат министрлігінің Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Айзада Құрмановаға бастамаға қолдау білдіргені үшін алғыс айтты.