«Kyzdar.net» арқылы жеңгетайлық жасаған күдікті Грузиядан әкелінді

Фото: ашық дереккөз

Қазақстанға трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтың құрамында жеңгетайлықпен айналысты деген күдікке ілінген Өзбекстан азаматы экстрадицияланды. Ол Грузия аумағында ұсталып, Бас прокуратураның сұрауы бойынша елге қайтарылды, деп хабарлайды Astana TV.

ҚР Бас прокуратурасының мәліметінше, күдіктіні елге Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінің Интерпол қызметкерлері Қазақстанның Грузиядағы Елшілігінің қолдауымен жеткізген. Қазір ол тергеу изоляторына қамалды.

Тергеу деректеріне сәйкес, күдікті қылмыстық топтың өзге мүшелерімен бірге жезөкшелікпен айналысатын және сексуалдық сипаттағы қызмет көрсететін адамдардың анкеталарын «Kyzdar.net» интернет-ресурсында жарнамалауға көмектескен.

Ол сайттағы анкеталардың шоттарын толықтыруға өтінімдер қабылдап, қызметтерді ілгерілетумен айналысқан. Ал топ мүшелері түскен қаражаттан комиссия ұстап қалып, қалған соманы сайт әкімшілеріне аударып отырған. Осылайша, заңсыз схеманың үздіксіз жұмыс істеуіне жағдай жасаған.

Қылмыстық топтың бірқатар мүшесі бұған дейін сотталып, әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айырылған. Ал күдікті мен топтың басқа да мүшелері тергеуден жасырынғандықтан, халықаралық іздеуге жарияланған.

Биыл шілдеде күдікті Грузияда ұсталды. Кейін Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауы бойынша елге экстрадицияланды.

Оған тағылған айып бойынша мүлкі тәркіленіп, 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.