Маңғыстауда бірнеше рет тәртіп бұзған есептегі сотталған бас бостандығынан айырылды

Polisia.kz

Пробация қызметінің есебінде тұрған 36 жастағы Бейнеу ауданының тұрғыны бас бостандығын шектеу жазасын өтеу барысында сот үкімімен жүктелген міндеттерді тиісінше орындамаған

Маңғыстауда бірнеше рет тәртіп бұзған есептегі сотталған бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Astana TV.

Маңғыстау облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің пробация қызметі инспекторлары пробациялық есепте тұрған тұлғалардың мінез-құлқын бақылап, сот үкімімен жүктелген міндеттердің орындалуын тұрақты түрде қадағалайды.

Қала мен аудандарда пробация инспекторлары есепте тұрған тұлғалардың тұрғылықты мекенжайларына тексеру жүргізіп, олардың сот белгілеген талаптарды сақтауын бақылайды. Сонымен қатар құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында түсіндіру және профилактикалық жұмыстарын жүргізеді. Жазаны өтеу тәртібі мен шарттарын бұзған тұлғаларға заңнамада көзделген тәртіппен ескертулер беріліп, заң талаптарын қатаң сақтау қажеттігі түсіндіріледі. Алайда жүргізілген профилактикалық жұмыстар мен берілген ескертулерден нәтиже болмаған жағдайда, пробация қызметі сотқа жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым қатаң жаза түріне ауыстыру туралы ұсыныс енгізеді. Осындай жағдай Бейнеу ауданында болды.

Пробация қызметінің есебінде тұрған 36 жастағы Бейнеу ауданының тұрғыны бас бостандығын шектеу жазасын өтеу барысында сот үкімімен жүктелген міндеттерді тиісінше орындамаған. Атап айтқанда, сотталған тұлға белгіленген уақытта тұрғылықты мекенжайында бірнеше рет болмаған, сондай-ақ алкогольдік ішімдіктерді тұтынып, осы әрекеттері үшін бірнеше мәрте әкімшілік жауапқа тартылған. Жүргізілген профилактикалық жұмыстар мен берілген ескертулерге қарамастан, сотталған тұлға тарапынан тәртіп бұзушылықтар жалғасын тапқан. Осыған байланысты пробация қызметі сотқа бас бостандығын шектеу жазасының өтелмеген бөлігін бас бостандығынан айыру жазасына ауыстыру туралы ұсыныс жолдады. Сот ұсынысты қарап, оны қанағаттандырды. Нәтижесінде сотталған тұлғаның бас бостандығын шектеу жазасының өтелмеген бөлігі бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылып, қалған мерзімін өтеу үшін қылмыстық-атқару жүйесі мекемесіне жіберілді.

Пробация қызметінің негізгі мақсаты – сотталған тұлғалардың қайта құқық бұзушылық жасауына жол бермеу, олардың қоғамға бейімделуіне ықпал ету және заң талаптарын сақтауын қамтамасыз ету. Ал жазаны өтеу тәртібі мен шарттарын жүйелі түрде бұзған тұлғаларға қатысты заңнама аясында тиісті шаралар қабылданады.