Мектептерде бастауыш сыныптарда шахмат пән ретінде оқытылып жатыр. Одан бөлек арнайы үйірмелер бар. Бұл - балалардың зияткерлігіне салынған инвестиция. Ал оны одан әрі дамыту мәселелері бүгін Алматыда өткен IV халықаралық конференцияда талқыланды.
Халықаралық жиынға шетелдік сарапшылар, Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері мен педагогтер қатысып, шахматтың білім беру үдерісіндегі рөлін талқылады. Сондай-ақ Пәкістан, АҚШ, Африка сынды бірқатар елдің өкілдері төбе көрсетіп, тәжірибесін бөлісті.
ГҮЛМИРА ДӘУЛЕТОВА, ҚАЗАҚСТАН ШАХМАТ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:
Қазақстан әрине, мақтанышқа ие, себебі Қазақстанда 2500 мектепте, шахматты бірінші сыныптан төртінші сынып арасында енгізген болатынбыз, 5800 оқытушы шахматты үйреніп алды, сонымен қатар 133 мың мектеп оқушылары бүгінгі таңда шахматты мектепте үйреніп жатыр.
Қазақстанның мектепте шахматты пән ретінде оқыту тәжірибесі шетелдік әріптестердің де қызығушылығын тудырып отыр. Қазір федерацция бірнеше елде осы бағыттағы пилоттық жобаларды іске асыруға атсалысып жатқанын айтты.
ДІЛДӘ НАУРЫЗБАЕВА, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ МЕКТЕП ШАХМАТЫ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ БІЛІМ БЕРУ ЖОБАЛАРЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
Біздің міндетіміз – әлемдегі озық тәжірибелерді әр елдің жағдайына бейімдеп, жергілікті ерекшеліктеріне сәйкес енгізуге көмектесу. Бір елде шахмат міндетті пән болса, енді бірінде үйірме немесе таңдау курсы ретінде оқытылуы мүмкін. +Қазақстан тәжірибесінің ерекшелігі - шахматтың міндетті білім беру пәніне айналуында.
Ұйымдастырушылар конференция іскерлік байланысты арттыруға және шахматты әлем балаларына барынша қолжетімді ету жолында бірлесе жұмыс істеуге мүмкіндік берген кезекті нәтижелі жиын болғанын айтады.