Астанада полицейлер 80 жастағы қарияның жоғалған телефонын тауып берді

Polisia.kz

Астана қаласында полиция қызметкерлері 80 жастағы қарияның жоғалған телефонын тауып, заңды иесіне қайтарды

Белгілі болғандай, қария емханадан үйіне қайтып келе жатқан жолда телефонын жоғалтып алған, деп хабарлайды Astana TV.

Кейін полиция бөліміне жүгініп, белгісіз біреудің телефонын ұрлап кеткені туралы арыз түсірген. Оқиға бойынша жедел тексеру жұмыстарын бастаған Астана қаласы полиция департаментінің жедел-іздестіру бөлімінің қызметкерлері бейнебақылау камераларының жазбаларын мұқият зерделеді. Нәтижесінде телефонның ұрланбағаны, қарияның жолда келе жатқанда қалтасынан абайсызда түсіп қалғаны анықталды. Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде жоғалған телефон табылып, иесіне қайтарылды.

Өз кезегінде қария полиция қызметкерлеріне жедел әрекеті, мұқияттылығы мен көрсеткен көмегі үшін шынайы алғысын білдірді. Азаматтардың әрбір өтінішіне бейжай қарамай, олардың мәселесін шешуге атсалысу – полиция қызметінің маңызды міндеттерінің бірі. Ал ақ батасын беріп, ризашылығын білдірген қарияның алғысы – тәртіп сақшыларының күнделікті еңбегіне берілген шынайы баға.