Оңалту орталығында балаларға қабырға жуғызған (Видео)

Фото: видеодан скриншот

Ташкент қаласындағы балаларды медициналық оңалту орталығында ем қабылдауға келген балаларды тазалық жұмыстарына тартқан. Олар медициналық мекеменің қабырғаларын жууға мәжбүр болған. Бұл жағдай әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды Astana TV.

Оқиға куәгерінің айтуынша, балаларға мұндай тапсырманы орталықтың медбикесі берген. Ал әйел балалардың жұмысқа тартылуына қарсылық білдіріп, ескерту жасаған кезде, медицина қызметкері оған:

«Не істесеңдер де, маған ештеңе болмайды», – деп жауап қайтарған.

Оқиғаға қатысты тараған ақпарат қоғамда түрлі пікір туғызды. Әсіресе, медициналық оңалтуға мұқтаж балалардың емделу орнына тазалық жұмыстарына тартылуы көпшіліктің наразылығын тудырды.

Әзірге орталық әкімшілігі мен жауапты мекемелердің оқиғаға қатысты ресми түсініктемесі туралы ақпарат жоқ.