Президент: Конституцияны және оның негізгі ережелерін менсінбеу халықты кемсітумен бірдей

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы ұлттық компаниялардағы сыбайлас жемқорлықты аса күрделі мәселе деп атап, Конституция талаптарын бұзуға ешкімнің құқығы жоқ екенін ескертті

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысында «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры мен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы басшыларының ұсталуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Astana TV.

Мемлекет басшысы стратегиялық маңызы бар мемлекеттік компанияларда жемқорлыққа қатысты мұндай жағдайдың орын алуына алаңдаушылық білдірді.

«Кеше еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары «Самұрық-Қазына» қоры мен «Қазақстан темір жолы» компаниясы басшыларының ұсталғаны туралы мәлімет таратты. Ашығын айтқанда, бұл – мемлекеттік компанияларда жемқорлық белең алғанын көрсететін аса күрделі жағдай», – деді Президент.

Тергеу енді басталды

Қасым-Жомарт Тоқаев тергеу жұмыстарының бастапқы кезеңде екенін айтып, заң талаптарына сәйкес оның мән-жайын жария етуге болмайтынын еске салды.

«Жалпы, заң бойынша тергеу мәселелерін жариялауға немесе ашып көрсетуге болмайды. Оның үстіне тергеу жұмысы да енді басталды», – деді Мемлекет басшысы.

Президент бұл істің «Заң мен Тәртіп» қағидатын жүзеге асыру тұрғысынан ерекше мәнге ие екенін атап өтті.

«Алайда қазірдің өзінде мына нәрсені анық айтуға болады: бұл – біз «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасын жариялап, оны Конституциямызда мемлекеттік басқару мен қоғам өмірінің басты қағидаты ретінде бекіткелі бері біртұтас жүйеге кіретін мемлекеттік компанияларда болып тұрған сыбайлас жемқорлыққа қатысты алғашқы ірі іс», – деді Президент.

«Конституцияны бұзуға ешкімнің хақы жоқ»

Мемлекет басшысы өз сөзінде жаңа Конституцияның қабылдануына да тоқталды. Оның айтуынша, 15 наурыздағы жалпыұлттық референдумда қабылданған Ата заң 1 шілдеде күшіне енді.

Президент Конституцияның ел өміріндегі маңызын атап өтіп, оның талаптары баршаға бірдей міндетті екенін мәлімдеді.

«Конституцияның ережелері мен баптарын бұзуға, халқымыздың осы қасиетті құжатын келемеж жасауға, кемсітушілік көрсетуге ешкімнің де хақы жоқ», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Еске салайық, Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басшысы Елжас Отыншиевтің сыбайлас жемқорлық қылмысына қатысы бар деген күдікпен ұсталғанын растаған. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.

Бұл жағдай мемлекеттік компаниялардың қызметіндегі ашықтық, заң талаптарының сақталуы және басшылардың жеке жауапкершілігі мәселелерін қайтадан күн тәртібіне шығарды. Тергеу қорытындысы бойынша күдіктілердің әрекетіне құқықтық баға беріледі.