Президент Конституцияны құрметтемегендер қатаң жазаланатынын ескертті

Фото: Ақорда

Президент Ата заң талаптарын елемеу халықты кемсітумен тең екенін айтып, мемлекет беделі мен ұлттық мүддені қорғаудың маңыздылығына тоқталды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Конституция талаптарын бұзғандар «Заң мен Тәртіп» қағидатына сәйкес қатаң жауапқа тартылатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Astana TV.

Президент Конституцияның ел үшін маңызы ерекше екенін атап өтіп, оның негізгі ережелерін құрметтеу баршаға ортақ міндет екенін айтты.

«Конституция – мемлекетіміздің негізгі заңы, бұл – халқымыздың құқықтық төлқұжаты. Сондықтан Конституцияны күлкі қылу, оның негізгі ережелерін менсінбеу халқымызды кемсітумен бірдей. Ондай әрекет жасағандар «Заң мен Тәртіп» қағидатына сәйкес қатаң түрде жазаға тартылатын болады», – деді Мемлекет басшысы.

Президент ұлттық мүддені қорғауға шақырды

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттің абыройы мен халықаралық беделі, сондай-ақ қоғамның ұлттық институттарға деген сенімі айрықша жауапкершілікті талап ететінін жеткізді.

«Мәселе мемлекетіміздің абыройы, қоғамның ұлттық институттарға деген сенімі, Қазақстанның халықаралық беделі туралы болғанда біз, халық билік ету өкілдігін берген тұлғалар, ұлт мүддесін қорғау жолында аянбай еңбек етуіміз керек, сол үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасауымыз керек. Бұл – азаматтық және саяси борышымыз», – деді Президент.

«Самұрық-Қазынаның» жауапкершілігіне тоқталды

Мемлекет басшысы «Самұрық-Қазына» қорының ел экономикасындағы стратегиялық рөлін ерекше атап өтті. Қор мемлекет активтерін басқарып қана қоймай, ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асырады және халықаралық серіктестермен тығыз жұмыс істейді.

«Түптеп келгенде, кез келген келісімнің, серіктестіктің артында ұзақ жылдар бойы жасалатын көптеген келіссөздер, соның ішінде халықаралық қауымдастықтың елімізге деген үлкен сенімі мен мемлекетімізге жүктелген нақты міндеттер тұрады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің сөзінше, мемлекеттік компаниялардың қызметі ел ішіндегі экономикалық нәтижелермен ғана шектелмейді. Олардың жұмысы Қазақстанның халықаралық беделіне, шетелдік инвесторлардың сеніміне және стратегиялық серіктестіктердің тұрақтылығына да тікелей әсер етеді.