Жыл басынан бері есірткі қылмысына қатысы бар 74 жеткіншек ұсталды. Оның 18-і - қыз, 56-сы -ұл. Оңай ақшаға ойланбай көнетін жасөспірімнің көбі Астана мен Алматыда тұрады. 61 пайызы жағдайы нашар отбасыдан шыққан. Жауапты орган өкілдері мәселені шешу үшін қолдан келгеннің барлығын істеп жатырмыз дейді. Соған қарамастан статистика былтырғы жылмен салыстырғанда азаюдың орнына керісінше көбейген. Жауаптылар жүкті неге жұмыла көтере алмай жүр? Әріптесім тарқатады.
АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:
Жеңіл ақша кімге ұнамайды? Әсіресе қалтасында көк тиыны жоқ студентке тосыннан келіп теңге беремін десе тосылмасы анық. Бірі оңай олжа осы екен деп банк шотын бәзбіреуге уақытша пайдалануға берсе, енді бірі есірткі тасып жатқанын білместен қылмысқа араласады. Талайдан талқыланып жүрген тақырыпты осыдан бір ай бұрын депутат Ділдәбек Дидарбек қайта көтерген еді. Даулы мәселе дүрбелең тудырғаннан кейін Құрылтай қабырғасына жауапты ведомство өкілдері жиналды.
Тотыдай таранған басшылардың сырт келбетінде мін жоқ. Костюмдері келіскен, жейдесі жарасымды. Бір-бір мекеменің мергендері. Бірі қауіпсіздікке жауап береді, бірі қаржыны бақылайды, енді бірі білім мен тәрбиеге міндетті. Қысқасы, жауапты көп. Бірақ жауапкершілік қай деңгейде?
ДІЛДӘБЕК ДИДАРБЕК, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ, «ӘДІЛЕТ» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Жастар арасында бұл мәселемен күрестің нақты нәтижелріне кішігірім көңіл толмай жатқанын байқап жатырмыз. Біздің мақсатымыз мемлекеттік органдармен бір-бірімізге мін тағу емес. Бірлесе отырып бұл мәселені шешуге жол табу.
Бұрын есірткі саудагерін көшеден іздесек, қазір мәселе цифрлық кеңістікке көшті. Қай платформаға кірсең де жарнамасы жылт етеді. Бірінің көзін құртсаң екіншісі дайын тұрады. Сондықтан оны түп тамырымен жою, әзірге, мүмкін емес. Қазір қолдан келері - жастардың өзімен жұмыс жүргізу. Бірақ бұл тұстан да тоқырап тұрмыз. Оқу орындарындағы профилактикалық жұмыс жүйелі емес. Көбі “өткіздік деген аты болса болды” деген сипат алады. Оны былай қойғанда, тәрбие ісіне жауапты мамандар мен психологтар арасындағы байланыс әлсіз.
АРШАТ ТАЙТУЛЛИН, ҚР БАС ПРОКУРОРЫНЫҢ АҒА КӨМЕКШІСІ:
Атырау облысында «Құндылықтық 5 минут» жобасы аясында 235 мектепте сабақтың басында жауапкершілік, тәртіп және заңды құрметтеу мәселесін талқылаудан басталады. + Алматы қаласында бар. 75 мыңнан аса пайдаланушыға зиянды контенттен қорғайтын сим-карта таратылды.
Жасөспірімдерге қатысты мәселенің екінші ұшы – дропперлік. Яғни өз банк шотын немесе картасын өзге адамның пайдалануына беріп, заңсыз қаржы айналымына делдал болу. Депутат дегеніне сүйенсек, биыл ұсталған 214 адамның 159-ы – 18 бен 29 жас аралығындағы азаматтар. Ал Қаржылық мониторинг агенттігінің дерегінше, жыл басынан бері қылмыстық кірістерді жылыстатумен айналысқан 33 дропперлік топтың жолы кесілген.
БАҚЫТЖАН ӘМІРХАНОВ, ҚР ІІМ ЕСІРТКІ ҚЫЛМЫСЫНА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ КОМИТЕТІНІҢ БАСҚАРМА БАСТЫҒЫ:
14 мыңдай карта шоттары тәркіледі дропперлікке байланысты. 284 миллиондай қаржы тоқтатылды.
Бір үстелге жиналу оңай, бір жағадан бас шығару қиын. Әркім жауапкершілікті бір-біріне ысырса, жүкті тағы да қоғам көтереді. Жастардың тағдыры хаттамамен шешілмеуі тиіс. Басқосуға жиналғандар осындай түйінмен қайтты. Жүйелі жұмыс атқарылуы бір бөлек, жасөспірімдердің жетесіне жетіп, жауапкершілікті сезінуі жеке тақырып.