Ақтөбеде тұрғын үйдің астындағы дәмханада жарылыс болды

  • AstanaTV
  • 13 қараша 2026

Ақтөбеде дәмханалардың бірінде газ-ауа қоспасы жарылып, 5 қабатты тұрғын үйдің астан-кестеңі шықты. Жарылыстың күшті болғаны соншалық, жоғары қабаттағы пәтердің есік-терезелері қирап, ішіндегі жиһаздар бүлінген. 2 адам жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. 

Оқиға бүгін таңғы 10 жарымдар шамасында Тәуелсіздік даңғылындағы тұрғын үйлердің бірінде болды. 5 қабатты үйдің бірінші қабатында орналасқан дәмханада газ-ауа қоспасы жарылған. Артынша өрт шығып, кафенің жапсарлас салынған құрылымы опырылып түскен. Жарылыстың екпінінен жоғарғы қабаттағы пәтерлер де зардап шекті. Тіпті арбаға таңылған әйел де жатқан орнынан ұшып кеткен. Есік-терезесі қирап, баспанаға айтарлықтай зақым келген.

ЖАНБОЛАТ ТАЙШЫБАЕВ, КУӘГЕР:

«Кафеден ударная волна болды, өзім жерге құлап қалдым, жолдасым да құлады. Диванда отыр еді жолдасым, инвалид 1-группы. Ол да құлады. Ұшып барып құлады. Кенже балам ол да құлады. Жылдам есімізді жиып тұрдық та, қашуға ұмтылдық». 

Жарылыстан сол сәтте өтіп бара жатқан қоғамдық көліктің де терезесі шытынаған. Ал олардың иелері келген шығынды есептеп, өтемақы мәселесінің шешілуін күтіп отыр.

УӘЛИХАН ЖАҢАБАЕВ, АВТОБУС ЖҮРГІЗУШІСІ:

«Мына жерде өтіп келе жаттым. 1-2 хлопок болды. Тоқтадым, мен ойладым-артымнан біреу соққан шығар деп, ешкім соқпаған. Айналасын тексердім-терезесі сынған есікпен».

Оқиға орнына төтенше жағдайлар қызметінің 10 техникасы мен 45 қызметкері жұмылдырылды. Өрт сағат 10:53-те толық сөндірілді. Жарылыстан 2 адам зардап шекен. Біреуі -19 жастағы ер бала. Ол жансақтау бөлімінде жатыр, 36 жастағы әйел политравма бөлімінде. Жарылыс бойынша қылмыстық іс қозғалды, шығын есептелмек.  

ДАНАРБЕК ИМАНҒАЗИН, ҚАЛАЛЫҚ ТЖБ БАСТЫҒЫ:

«Оқиға салдарынан кафенің жапсарлас салынған құрылымы опырылып, ортанша өрт шықты. Сондай-ақ, тұрғын үйдің терезе құрылымдары зақымдалды. +Мүмкін үйдің ішінде газ жиналған, содан жарылыс болды. »

АЗАМАТ БЕКЕТ, ҚАЛА ӘКІМІ:

«Кейбір азаматтар кәзір өздерінің көршілеріне немесе туыстарына барып, сол жаққа орналасамыз деп жатыр. Әрине, біз өз тарапымыздан ұсынысымызды білдіреміз»

Қазір оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталып жатыр. Ал зардап шеккен тұрғындар мен көлік иелерінің материалдық шығыны кінәлі тарап анықталғаннан кейін есептелмек.