«Екпе аутизмге алып келеді». Ел арасында осындай қауесеттің тарағанына біраз болды. Осыдан кейін жұрт жаппай вакцинадан бас тартып жатыр. Препарат пайдасыз дегендер 5 есе көбейген. Қарсы болғандардың 58 проценті 2 жасқа толмаған балалар. Тұрғындар неден қауіптеніп жүр? Екпеден төнетін қауіп қандай? Аружан Задабектің материалы.
АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:
Екпе. Бір қарағанда қарапайым медициналық процедура. Бірақ осы кішкентай иненің айналасында үлкен дау бар. Бір тарап вакцина баланы қорғайды десе, екінші тарап оның зиянынан қауіптенеді.
Соңғы жылдары желіде жиі талқыланған тақырып – вакцина мәселесі. Бірі даттайды, бірі ақтайды. Осыдан кейін екпенің екпіні басылып қалды. Препарат салдырғандар саны 9 жылда 5 есе төмендеген. 2017 жылы 5,3 мың адам бас тартқан болса, былтыр 25 мыңнан астамы келісімін бермеді. Оның жартысынан көбі 2 жасқа толмаған бала.
Ата-аналардың 62 пайызы жеке наным-сенімін алға тартып, қарсы болған. 16 проценті діни көзқарасына байланысты деп түсіндіріпті. Ал 15-і мүлде вакцина атаулысына сенбейді екен. Қалған 8 пайызы интернеттегі теріс ақпараттың әсерінен осындай шешім қабылдаған.
БЛИЦ-САУАЛНАМА:
-Өзім немерелеріме вакцина алып жатқан жоқпын. + Аутизм ауруына шалдығып жатыр. Қазір көп қой сондайлар
-Өзім қарсымын. Живая вакцина адамды заражает. Потом переболеть етеді.
«Аталатсаң да боталатпа» дейтін қазақтың бала денсаулығына осылай алаңдауы, әрине, орынды. Дегенмен бұл халық екпеге түбегейлі қарсы дегенді білдірмейді. Жұрт арасында жақтайтындары да бар.
БЛИЦ-САУАЛНАМА:
- Біз де солай сенбегенбіз. Алмаймыз деп әкесі мен мамасы көнбеген. Сосын көндіріп, алдық. Аллаға шүкір, жақсы.
-БЦЖ, туберкулезге қарсы салдырады. За то балалар қазір ауырмайды. Салмаған баланың иммунитеті жоқ.
Сонымен, екпе аутизмге әкеледі деген ақпарат қайдан шықты? Жұрттың жаппай дүрлігуіне 1998 жылы жарияланған бір ғылыми мақала әсер еткен болуы мүмкін. Онда қызылша, қызамық және паротитке қарсы вакцина мен аутизм арасында байланыс болуы мүмкін деген болжам айтылған. Алайда кейін зерттеудің ғылыми негізсіз екені анықталып, мақала кері қайтарылды. Артынша Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл мәліметті түбегейлі жоққа шығарды.
АРУ КЕҢЕСБЕК, НЕВРОЛОГ:
Екпе аутизмге апарады деген өтірік. Ғылыми тұрғыда дәлелденбеген. Жалған ақпарат болып саналады. + Аутизмнің алғашқы белгілері көбіне баланың ерте даму кезеңінде, яғни екпе салу жасымен сәйкес болатынына байланысты байқалады.
Әлемде 13 миллионнан аса бала ешқашан екпе алмаған. Олардың басым бөлігі табысы төмен елдерде тұрады. Биыл Бангладеште қызылша өрші. Ауру жұқтырған 1 мыңнан аса тұрғын көз жұмды. Бұл ауру бізде де тараған. Науқастардың шамамен 80 пайызы вакцина алмаған дейді дәрігерлер.
МЕРЕЙЛІМ ГАЙСИНА, ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ОРТАЛЫҒЫ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАС МАМАНЫ:
Микс деректері бойынша Қазақстанда 24-35 айлық балалардың тек қана жартысы, яғни 51 пайызына ғана еспе берілген. Негізгі екпелерді алған.
Халықтың біраз бөлігі діни сенімді алға тартып екпеден бас тартқан. Бес уақыт намазын түгендеп жүргендер шариғат бойынша вакцина салу міндетті емес дейді. Құрамына да күдікпен қарайды. Алайда бұған қатысты ҚМДБ өз айтары бар.
ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ ДІНИ БАСҚАРМАСЫ:
Ислам дінінде екпе жасауға тыйым салынбайды. Ислам діні әрбір адамға өз өмірі мен денсаулығына дұрыс күтім жасауға және ауру-сырқаттан емделудің алдын алу жолдарын іздеуге міндеттейді.
Бала денсаулығына келгенде тәуекелге орын жоқ. Екпе салдыру да, одан бас тарту да – жеке шешім. Бірақ қорқыныш пен ғылыми дәлелді шатастырмаған жөн. Өйткені «сақтансаң – сақтаймын» деген сөздің өзі денсаулыққа келгенде тіпті маңызды. Ал баланы қорғаудың ең дұрыс жолы – ақпаратты тексеріп, дәрігермен кеңесіп, саналы шешім қабылдау.