Қаражатты қадірлеу, қажет пен қалаудың парқын ажырату бала бойында ерте кезден қалыптасуы керек. Себебі қаржылық мәдениет қалтаның қалыңдығымен емес, сананың сауаттылығымен өлшенеді. Осыны негізге алған қаржыгер Лаура Байжарасова ЦентрКредит Банкінің қолдауымен жасөспірімдерге арналған «Байлық формуласы» кітабын жарыққа шығарды.
Бір қарағанда, бала үшін ақша қалаған затына қол жеткізудің құралы іспетті. Ал шын мәнінде, тиыннан теңге, теңгеден теңдік құралады. Онлайн сауда да баланы қаржы әлемімен ерте таныстыратыны белгілі. Бірақ ақшаны жұмсау мүмкіндігі артқанымен, оны сауатты басқару дағдысы қатар қалыптасып үлгермеуі мүмкін.
ГҮЛЖИХАН ХАМИТОВА, ЦЕНТРКРЕДИТ БАНКІ АСТАНА ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Біз күнделікті өмірде қаржылық сауаттылығы жоғары адамдарды да, ақшасын тиімді басқара алмайтын адамдарды да кездестіреміз. Сондықтан қаржылық сауаттылықты бала кезден бастап қалыптастыру өте маңызды. Өйткені әр баланың алғашқы қаржылық таңдауы, күнделікті жұмсайтын ақшасы мен қаражатты пайдалану дағдысы оның болашақтағы қаржылық әдеттеріне әсер етеді.
«Байлық формуласы» 11 мен 15 жас аралығындағы жасөспірімдерге арналған. Мұнда қаржының күрделі қағидалары қарапайым мысалдармен түсіндіріледі. Әсіресе, көз қызықтырған дүниеге бірден ұмтылмай, алдымен қажеттілікті бағамдауға мән беріледі.
ЛАУРА БАЙЖАРАСОВА, КІТАП АВТОРЫ:
Бұл жерде тек қана ақшаны табуды емес, оны ақылмен жұмсап, мақсаттарына жинап, толықтай жауапкершілікті өздеріне алып, ата-анасына тәуелді болмай, қаржыны қалай табуға болатынын үйренеді.
ЦентрКредит Банкі қазақ тілінде қаржылық сауаттылықты арттыруға және азаматтардың қаржысын тиімді басқаруына бағытталған жаңа жобаларды қолдауға дайын. Авторлар, педагогтер мен шығармашылық топтар осындай бастамалар ұсынса, банк оларды қарастырып, жүзеге асыруға әзір екенін айтты.