Қазақстандық дәрігер Таиландта комаға түсті

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген дәрігері Михаил Гниненко Таиландта болған жазатайым оқиғадан кейін ауыр халде комаға түсті, деп хабарлайды Astana TV.

Ақмоланың тумасы саналатын Михаил Гниненко кезінде елордалық дезинфекциялық қызметтің негізін қалап, оны жиырма жыл бойы басқарған. Қазіргі уақытта ол Таиландтағы аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр, дәрігерлер оған шұғыл ота жасады. Жұбайы Валентина Борисовнаның айтуынша, науқастың жағдайы әлі де ауыр күйінде қалып отыр.

Емдеу шығындарына бөлінген 10 мың доллар көлеміндегі сақтандыру қаражаты алғашқы күндердегі жансақтау шаралары мен отаға толықтай жұмсалып кеткен. Ал 13 қарашадағы жағдай бойынша клиника 464 мың баттан (шамамен 6 миллион теңге) асатын қосымша шот ұсынған. Қазіргі таңда дәрігердің туыстары қазақстандық дипломаттардың қолдауымен науқасты санитарлық авиация арқылы елге жеткізу үшін қажетті құжаттарды дайындап жатыр.