Бразилия футболының аңыз ойыншысы Роналдиньо 11 жылдық үзілістен кейін ресми матчқа қайта оралмақ, деп хабарлайды Astana TV 1Бол!-ға сілтеме жасап.
Ол 15 қарашада Италияның «Равенна» клубы сапында алаңға шығады,
Команданың бас бапкері Андреа Мандорлини бразилиялық футболшының «Форлиге» қарсы дербиде негізгі құрамда ойнайтынын растады. BBC мәліметінше, маман Роналдиньоны алғашқы минуттардан бастап алаңға шығаруды жоспарлап отыр.
«Ол матчты негізгі құрамда бастайды, бұған еш күмән жоқ. Одан кейін алаңда қанша уақыт болатынын бірге шешеміз. Ол – қазіргі заманның ең көрнекті футболшыларының бірі. Біз үшін нәтижеге қол жеткізу маңызды. Әдетте үш шабуылшымен ойнаймыз, Роналдиньо солардың бірі болады», – деді Мандорлини.
Роналдиньо Италияға 13 қарашада келіп, командамен бірге жаттығуға кірісті. Ол ойын алдында ұжыммен небәрі бір рет жаттығу өткізеді. «Форлиге» қарсы кездесу «Бруно Бенелли» стадионында өтеді.
Бразилиялық жұлдыздың оралуына орай «Равенна» басшылығы арнайы дайындық жүргізген. Стадионда 1800 көрерменге арналған қосымша мінбер орнатылып, оған футболшының құрметіне R10 атауы берілді. Ал матч билеттерінің бағасы 150 еуроға дейін жеткен.
Роналдиньо кәсіби мансабын 2018 жылдың қаңтарында аяқтағанымен, соңғы ресми матчын 2015 жылдың қыркүйегінде «Флуминенсе» сапында өткізген. Ол мансабында «Гремио», «ПСЖ», «Барселона», «Милан», «Фламенго», «Атлетико Минейро», «Керетаро» және «Флуминенсе» клубтарында өнер көрсетті.
Айта кетейік, Роналдиньо 2002 жылы Бразилия құрамасымен әлем чемпионы атанды. 2006 жылы «Барселона» сапында Чемпиондар лигасын жеңіп алса, 2005 жылы «Алтын доп» сыйлығына ие болды.