Дженсен Хуанг ажырасса, байлық бөлісуден әлемдік рекорд жаңарады

Фото: BILD

Дженсен Хуанг ажырасса, жұбайына 70 миллиард доллардан астам қаржы төлеуі мүмкін

Nvidia компаниясының негізін қалаушылардың бірі Дженсен Хуангқа қатысты дау-дамай жаңа сипат алуы мүмкін. Егер ол жұбайымен ажырасатын болса, бұл тарихтағы ең қымбат ажырасулардың біріне айналуы ықтимал, деп хабарлайды Astana TV. 

Бұрынғы бас директорға бірнеше әйелмен көңіл жарастырған деген айып тағылып отыр. Олардың арасында Қытай тыңшысы болуы мүмкін деген күдікке ілінген Элис Хуанг та бар. Әзірге әйелі Лори Хуангтың ажырасуға өтініш беретін-бермейтіні белгісіз. Алайда мұндай жағдайда оның қомақты байлыққа ие болуы мүмкін екені анық.

Хуангтар отбасы шаңырақ көтергеніне 41 жыл болған. Олар Орегон мемлекеттік университетінде электротехника мамандығы бойынша білім алып жүргенде танысқан. Ерлі-зайыптылардың ересек жастағы екі баласы да Nvidia компаниясында жұмыс істейді.

Қазір отбасы Калифорния штатында тұрады. Мұнда ерлі-зайыптылар арасында арнайы келісім болмаса, некеде бірге жинаған мүлік, әдетте, тең бөлінеді. Сондықтан ажырасқан жағдайда бөлінетін қаражаттың көлемі орасан болуы мүмкін.

Forbes мәліметінше, осы аптадағы акциялар құнының төмендеуіне қарамастан, Дженсен Хуангтың байлығы 143 миллиард долларды құрайды. Демек, теориялық тұрғыдан алғанда, Лори Хуангқа 70 миллиард доллардан астам қаражат тиесілі болуы мүмкін. Бұл тарихтағы ең ірі мүлік бөлісу оқиғаларының бірі болар еді. Дегенмен ерлі-зайыптылардың некеге дейін жасалған келісімі немесе өзге де қаржылық шарттары бар-жоғы әзірге белгісіз.

Әлемдегі ең қымбат ажырасу рекорды кімге тиесілі?

Қазіргі таңда бұл көрсеткіш бойынша рекорд Microsoft компаниясының негізін қалаушы Билл Гейтске тиесілі. Ажырасқаннан кейін оның бұрынғы жұбайы Мелинда шамамен 76 миллиард доллар алған деген бағалау бар.

Тағы бір айтулы оқиға Amazon компаниясының негізін қалаушы Джефф Безосқа қатысты. Ол 2019 жылы бұрынғы жұбайы Маккензи Скоттқа компания акцияларының 4 пайызын берген. Сол кездегі құны 38,3 миллиард доллар болған бұл үлес Скоттың иелігіне өткен.

Содан бері Маккензи Скотт 2 700-ден астам ұйымға шамамен 26,4 миллиард доллар көлемінде қайырымдылық жасаған. Ол әсіресе білім беру мекемелеріне, әйелдер мен азшылық топтарын қолдауға, кедейлікпен күреске және климатты қорғау бастамаларына қаржы бөледі.