15 қараша - Ұлттық валюта күні

Фото: ЖИ

Бүгін, 15 қараша – Қазақстанның ұлттық валютасы – теңге күні

Биыл төл ақшамыздың айналымға енгеніне 33 жыл толды. Бұл дата еліміздің қаржы жүйесі қызметкерлерінің де кәсіби мерекесі саналады, деп хабарлайды Astana TV.

1993 жылғы 15 қарашада Қазақстанның ұлттық валютасы – теңге айналымға енгізілді. Бұл тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасу жолындағы маңызды тарихи қадамдардың бірі болды. Оған дейін ел аумағында кеңестік рубль қолданылған.

Теңгені әзірлеу жұмыстары 1992 жылы басталды. Ұлттық валютаның алғашқы дизайнын қазақстандық суретшілер Тимур Сүлейменов, Меңдібай Әлин, Ағымсалы Дүзелханов және Қайролла Әбжәлелов әзірледі. Ал алғашқы банкноталар Ұлыбританияда басылып шықты.

Төл валютаның алғашқы үлгілерінде қазақ халқының тарихында айрықша орны бар тұлғалардың бейнесі бедерленді. Атап айтқанда, 1 теңгеде – Әбу Насыр әл-Фараби, 3 теңгеде – Сүйінбай Аронұлы, 5 теңгеде – Құрманғазы Сағырбайұлы, 10 теңгеде – Шоқан Уәлиханов, 20 теңгеде – Абай Құнанбайұлы, 50 теңгеде – Әбілқайыр хан, 100 теңгеде – Абылай хан бейнеленді.

Кейін теңгенің дизайны бірнеше рет жаңартылды. Банкноттарда еліміздің тарихи мұрасы, мәдениеті, сәулет нысандары мен ұлттық нақыштары көрініс тапты. Қазір ұлттық валютаны қолдан жасаудан қорғау үшін заманауи қорғаныш элементтері де қолданылады.

Айта кетейік, 1997 жылғы 13 қарашадағы Президент Жарлығымен 15 қараша Ұлттық валюта күні және қаржы жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі болып жарияланды.

Бүгінде теңге – ел экономикасының маңызды құралы ғана емес, Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігі мен егемендігінің нышаны.