WhatsApp-аккаунттар ашу арқылы жасалатын алаяқтықтан қалай сақтану керек?

Фото: ЖИ

Ішкі істер министрлігі sim-карталарды тіркеу және бөгде адамдар үшін WhatsApp-аккаунттарын ашуға байланысты жеңіл табыс табу туралы ұсыныстардың қауіпті болуы мүмкін екенін ескертті

Ведомствоның мәліметінше, алаяқтар жасөспірімдерге sim-карталарды сатып алып, өз атына рәсімдеуді, WhatsApp-аккаунттарын тіркеуді, сондай-ақ растау кодтары мен аккаунтқа кіру деректерін беруді сұрауы мүмкін. Ол үшін ақшалай сыйақы да уәде етеді, деп хабарлайды Astana TV.

Алайда кейіннен мұндай нөмірлер мен аккаунттар қылмыстық мақсаттарда пайдаланылуы мүмкін. Атап айтқанда, азаматтарды алдау, ақшасын жымқыру, зиянды сілтемелер тарату және жалған аккаунттар ашу үшін қолданылуы ықтимал.

Бұл ретте sim-карталар мен аккаунттарды өз атына рәсімдеген адамдар да жауапкершілікке тартылуы әбден мүмкін. Өйткені олардың деректері заңсыз әрекеттерге қатысты істерде көрініс табуы ықтимал.

ІІМ азаматтарды мұндай ұсыныстарға келіспеуге, бейтаныс адамдар үшін sim-карталар рәсімдемеуге, растау кодтарын және мессенджерлерге кіру деректерін үшінші тұлғаларға бермеуге шақырады.

Сондай-ақ ата-аналардың балаларымен осы тақырыпта сөйлесіп, жеңіл табыс табу туралы ұсыныстардың заңсыз әрекеттерге тарту тәсілі болуы мүмкін екенін түсіндіруі маңызды.