AI дәуіріндегі цифрлық сауат: жеке деректерді қалай қорғаймыз?

Фото: Нейрожелінің көмегімен жасалған

Жасанды интеллект ақпарат іздеуге, мәтін жазуға, күрделі мәселелерді талдауға және күнделікті тапсырмаларды орындауға көмектеседі. Алайда оны пайдаланғанда жеке деректердің қауіпсіздігін де ескеру қажет. ChatGPT сияқты платформаларға енгізілген ақпарат қаншалықты қорғалған? Жеке әңгімелерге кім қол жеткізе алады? Мұндай хат алмасу сотта дәлел ретінде қарастырыла ма? Осы сұрақтарға киберқауіпсіздік және IT құқығы саласының мамандары жауап берді, деп хабарлайды Astana TV.

Жеке деректерді қорғау пайдаланушыдан басталады

ChatGPT сияқты жасанды интеллект платформаларына түрлі ақпарат енгізуге болады. Бірақ жеке құжаттарды, банк мәліметтерін, медициналық ақпаратты немесе қызметтік деректерді жібергенде сақ болған жөн.

Astana IT University университетінің киберқауіпсіздік бағыты бойынша аға оқытушысы Даурен Сагиталұлының айтуынша, ChatGPT-ке енгізілген ақпарат OpenAI серверлерінде өңделеді. Деректердің сақталуы мен қолданылуы платформаның құпиялық саясатына және пайдаланушы таңдаған баптауларға байланысты.

«Чатқа енгізілген ақпаратқа қол жеткізу мүмкіндігі сервистің жұмысын қамтамасыз ететін техникалық мамандар мен уәкілетті қызметкерлерге белгілі бір жағдайларда берілуі мүмкін. Сондықтан пайдаланушы қандай мәліметті жіберіп отырғанына мән беруі керек», – дейді маман.

Даурен Сагиталұлы ақпараттық қауіпсіздік тек платформаның қорғаныс жүйесіне байланысты емес екенін атап өтті. Пайдаланушының өз аккаунтын қалай қорғайтыны да маңызды. Мәселен, әр сервис үшін жеке әрі күрделі құпиясөз қолдану және екі факторлы аутентификацияны қосу аккаунттың қауіпсіздігін арттырады.

«Көптеген пайдаланушы бір құпиясөзді бірнеше сервисте қолданады. Егер солардың біреуі бұзылса, алаяқтар басқа аккаунттарға да кіруге әрекет жасауы мүмкін. Сондықтан әр платформаға жеке әрі күрделі құпиясөз орнату қажет», – деп ескертеді Даурен Сагиталұлы.

Жеке ақпараттың сақталуына не әсер етеді?

Жасанды интеллектіні пайдаланғанда адамдар көбіне өз сұрауларының мазмұнына мән береді. Алайда сол сұрауға қандай жеке мәліметтер енгізілгенін де ескеру қажет. Даурен Сагиталұлының түсіндіруінше, платформаға жіберілген ақпараттың сақталуы мен қолданылуы сервистің құпиялық саясатына және пайдаланушының баптауларына байланысты. Сондықтан маман цифрлық платформаларды пайдаланғанда құпиялық шарттарымен танысып, аккаунттың қауіпсіздік баптауларын тексеруге кеңес береді. Оның пікірінше, жеке деректерді қорғау ең алдымен пайдаланушының қандай ақпаратты бөлісетінінен басталады.

Құқық қорғау органдары чаттағы ақпаратқа қол жеткізе ала ма?

Жасанды интеллектпен жазысқан әңгімелердің құпиялығы құқықтық мәселелермен де байланысты. Қазақстанда жеке деректер мен хат алмасу құпиясы заңмен қорғалады. Дегенмен заңда көзделген жағдайларда тиісті ақпаратқа қол жеткізу мәселесі қарастырылуы мүмкін.

Global Ledger компаниясының өңірлік менеджері, MNU университетінің IT құқығы бағыты бойынша аға оқытушысы Амангелді Жұмабеков мұндай әрекеттердің заңда белгіленген тәртіппен жүзеге асуы қажет екенін айтады.

«Жалпы алғанда, жеке деректер мен хат алмасу құпиясын ашуға қатысты заңдық шектеулер бар. Бірақ заңда ерекше жағдайлар да қарастырылған. Мысалы, құқық қорғау органдарының тиісті сұрауы мен қажетті құқықтық негіздері болған кезде мұндай ақпаратты алу мүмкіндігі бар. Бұл бірден жүзеге асатын процесс емес, белгілі бір рәсімдерді талап етеді», – дейді сарапшы.

Амангелді Жұмабековтің айтуынша, мұны құқық қорғау органдары кез келген адамның жеке хат алмасуын еркін қарай алады деп түсінбеу керек. Әр жағдайдың құқықтық негізі мен тиісті рәсімі бар.

Сарапшы халықаралық цифрлық платформалардың қызметі әртүрлі елдердің заңнамасымен байланысты болуы мүмкін екенін де атап өтеді.

Жасанды интеллектпен жазысқан хат сотта дәлел бола ала ма?

ChatGPT-пен жазысқан әңгімелер белгілі бір жағдайда сотта дәлел ретінде қарастырылуы мүмкін. Бірақ кез келген скриншот немесе чаттан алынған үзінді автоматты түрде дәлелдеме болып саналмайды.

Амангелді Жұмабековтің айтуынша, мұндай ақпараттың іске қатыстылығы, заңды жолмен алынуы және шынайылығы маңызды.

«Егер Қазақстан туралы айтатын болсақ, хат алмасу белгілі бір жағдайда дәлелдеме бола алады. Ол үшін төрт негізгі өлшем қарастырылады: қатыстылығы, жол берілетіндігі, анықтығы және жеткіліктілігі. Ең бастысы – ақпарат заңды жолмен алынуы керек. Осы талаптарға сәйкес келген жағдайда электрондық хат алмасу сотта дәлел ретінде қарастырылуы мүмкін», – дейді заңгер.

Сарапшының түсіндіруінше, жасанды интеллектпен жазысқан әңгімелердің сотта қолданылуы нақты істің мән-жайына байланысты. Сондықтан ақпараттың қалай алынғаны және оның түпнұсқалығын анықтау маңызды.

Жеке өмірге қатысты мәліметтерді енгізгенде нені ескеру керек?

Қазір адамдар ChatGPT-ке денсаулығы, жеке өмірі немесе психологиялық жағдайы туралы да сұрақтар қояды. Бірақ мұндай әңгімелердің құпиялығы туралы да ойланған жөн.

Амангелді Жұмабеков халықаралық цифрлық платформаларға жеке ақпарат енгізгенде оның қалай қорғалатынына назар аудару қажет екенін айтады.

«Сіз өз деректеріңізді үшінші тарапқа, оның үстіне Қазақстаннан тыс жерде орналасқан платформаға беріп отырсыз. Әрине, компания ақпаратты тиісті деңгейде сақтауға және негізсіз жарияламауға міндеттенеді. Бірақ мұны дәрігер мен пациент арасындағы медициналық құпиямен бірдей деп айта алмаймыз. Бұл жерде дербес деректерді қорғау туралы заңнама және компаниямен жасалған пайдаланушы келісімі маңызды рөл атқарады», – дейді заңгер.

Сарапшының пікірінше, пайдаланушы жеке өміріне қатысты мәліметтерді цифрлық платформаға жібермес бұрын оның қаншалықты қажет екенін ойлануы керек.

Әсіресе медициналық құжаттар мен жеке басын анықтауға мүмкіндік беретін ақпаратқа сақтықпен қараған дұрыс.

Ақпараттық қауіпсіздік - ұлттық мүдде

Жасанды интеллектіні қауіпсіз пайдалану мәселесі жеке адамдармен ғана шектелмейді. Мемлекеттік органдар мен компаниялар үшін де қызметтік ақпараттың қорғалуы маңызды.

Амангелді Жұмабековтің пікірінше, қазіргі геосаяси жағдайда деректер стратегиялық ресурсқа айналып отыр. Оның айтуынша, АҚШ пен Қытай арасындағы технологиялық бәсекелестік жасанды интеллект пен ақпараттық инфрақұрылымның маңызын көрсетеді.

«Біз қазір жасанды интеллект саласындағы жаһандық бәсекелестік кезеңінде өмір сүріп жатырмыз. Бұл тек технологиялық жарыс емес, деректер мен ақпаратты бақылауға қатысты да мәселе. Сондықтан компаниялар мен мемлекеттік органдар өз қызметіне қатысты мәліметтерді сыртқы платформаларға енгізгенде мұқият болуы керек», – дейді сарапшы.

Амангелді Жұмабеков мемлекеттік органдар мен компаниялардың қызметтік құжаттарды, коммерциялық құпияларды және ішкі ақпаратты сыртқы платформаларға енгізгенде қауіпсіздік талаптарын ескеруі қажет екенін атап өтті.

Оның пікірінше, әр ұйымның ішкі ақпараттық қауіпсіздік саясаты бұл мәселеде маңызды рөл атқарады.

Жасанды интеллектіні қауіпсіз қолданудың қарапайым қағидалары

Мамандар жасанды интеллектіні пайдаланудан бас тартудың қажеті жоқ екенін айтады. Ең бастысы – қандай ақпаратты бөлісуге болатынын білу және жеке деректерге жауапкершілікпен қарау.

Сарапшылардың кеңестеріне сүйенсек, цифрлық платформаларға жеке куәлік пен паспорт көшірмелерін, банк карталарының құпия деректерін, медициналық құжаттарды, қызметтік ақпаратты және басқа адамдардың жеке мәліметтерін енгізгенде сақ болған жөн.

Даурен Сагиталұлы аккаунттарды қорғау үшін әр сервиске бөлек құпиясөз қолдануға және екі факторлы аутентификацияны қосуға кеңес береді.

Ал Амангелді Жұмабеков ақпаратты жібермес бұрын оның салдарын ойлану маңызды екенін айтады.

«Бір ақпаратты жібермес бұрын, оны басқа адамның білгенін қалайсыз ба, жоқ па – осы сұрақты өзіңізге қойыңыз. Егер ол дерек сізді немесе жақындарыңызды қандай да бір жағдайда осал ете алса, оны платформаға жібермеген дұрыс», – деп кеңес береді сарапшы.

Жасанды интеллект көптеген жұмысты жеңілдеткенімен, жеке ақпаратты қорғау мәселесі өзекті болып қала береді. Мамандардың айтуынша, цифрлық қауіпсіздік тек платформаның қорғаныс жүйесіне емес, пайдаланушының өз әрекетіне де байланысты. Сондықтан құпиялық талаптарын білу, аккаунт қауіпсіздігін сақтау және жеке деректерді орынды бөлісу маңызды.