Әдепсіз әрекет жауапсыз қалмады: Ақтөбе облысында ер адам 5 тәулікке қамалды

Polisia.kz

Бейнежазбада ер адамның айналасындағыларға әдепсіз ишара көрсетіп, өзгелерге құрметсіздік танытқаны байқалады

Ақтөбе облысында қоғамдық орында әдепсіздік танытқан ер адам 5 тәулікке қамалды, деп хабарлайды Astana TV.

Әлеуметтік желілерде жарияланған бейнежазбалар кейде қоғам талқысына түсіп қана қоймай, құқық бұзушылықтарды анықтауға да негіз болады. Полиция қызметкерлері интернет кеңістігіне мониторинг жүргізіп, қоғамдық тәртіптің бұзылуына қатысты жарияланымдарға назар аударады. Осындай жарияланымдардың бірі Хромтау қаласындағы дәмханалардың бірінде болған оқиғаға қатысты. Бейнежазбада ер адамның айналасындағыларға әдепсіз ишара көрсетіп, өзгелерге құрметсіздік танытқаны байқалады. Аталған жағдай әлеуметтік желі қолданушылары арасында да талқыланды. Бейнежазбаны зерделеу нәтижесінде полиция қызметкерлері азаматтың жеке басын анықтады. Оның әрекеті ұсақ бұзақылық ретінде сараланды. Іс материалдары сотқа жолданып, сот шешімімен құқық бұзушыға 5 тәулікке әкімшілік қамаққа алу жазасы тағайындалды. Бұл жағдай қоғамдық орындарда тәртіп сақтап, айналадағы адамдарға құрметпен қараудың маңызын тағы бір мәрте көрсетеді. Полиция азаматтардың өтініштерімен қатар, әлеуметтік желілердегі жарияланымдарға да назар аударады. Қоғамдық тәртіпті бұзудың ешбір дерегі назардан тыс қалмайды және әрбір құқық бұзушылыққа заң аясында тиісті баға беріледі.