Прокуратура сот орындаушылары, полиция және жұмыспен қамту органдарымен бірлесіп, берешекті өндіріп алу және балалардың құқықтарын қорғау бағытында шаралар қабылдауда, деп хабарлайды Astana TV.
Биыл 5 млрд теңгеден астам алимент және бюджет алдындағы 1 млрд теңге берешек өндірілді.
Берешек төлеуден жалтарғандарға ықпал ету мақсатында «Кибер-шериф» жүйесіне борышкерлердің 300-ден астам автокөлігі туралы мәлімет енгізілді. Оның 67-сі арнайы тұрақтарға қойылды.
Мәселен, алимент бойынша берешегі бар борышкердің автокөлігі 1,4 млн теңге қарызды ішінара өтеу есебінен өндіріп алушыға берілді. Ақсуда тағы бір борышкердің 1,3 млн теңге берешегі үшін автокөлігі сауда-саттыққа шығарылды. Бұдан бөлек, жалпы құны 12,8 млн теңге болатын 3 жылжымайтын мүлік өндіріп алушыларға берілді.
Іс-шаралар барысында іздеуде жүрген 14 борышкер анықталды. Олардың бірі балаларына 9 млн теңге алимент берешегін өтемеген. Прокуратура қабылдаған шаралардан кейін қарыз толық өтелді.
Борышкерлерді жалған іздестіру деректеріне де ерекше назар аударылды. Прокурорлар 404 борышкер қатысы бар 148 атқарушылық іс бойынша осындай заңбұзушылықтардың жолын кесті.
Сондай-ақ ақшасын құмар ойындарға жұмсаған борышкерлер анықталды.
225 борышкер әкімшілік, 24-і қылмыстық жауаптылыққа тартылды.