Жұмыртқа әкелуге шектеу қойылды: Бағасы шарықтап кетпей ме?

Фото ЖИ

Қазақстан шетелден тауық жұмыртқасын әкелуге екі айға қайта шектеу қойды

Алдағы екі ай ішінде Қазақстанға тауық жұмыртқасын әкелуге тыйым салынды. Шектеу барлық көлік түрлерімен жеткізілетін өнімдерге, соның ішінде Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдерінен келетін импортқа да қатысты, деп хабарлайды Astana TV.

Бұл туралы 12 қарашада Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров қол қойған №404 бұйрықта айтылған. Құжат күшіне енген.

Тыйым ЕАЭО Сыртқы экономикалық қызметінің тауар номенклатурасындағы 040721 коды бойынша жіктелетін жаңа тауық жұмыртқасына қатысты. Алайда үш жағдайда ерекшелік қарастырылған.

Біріншіден, жұмыртқаны Қазақстан аумағы арқылы транзитпен, соның ішінде ЕАЭО-ға мүше бір елден екінші елге тасымалдауға рұқсат етіледі.

Екіншіден, бұйрық күшіне енгенге дейін жөнелтуші елде экспорты рәсімделген тауар партияларын әкелуге болады. Ол үшін экспорттық немесе транзиттік декларация болуы қажет.

Үшіншіден, тыйым салынғанға дейін Қазақстан аумағына іс жүзінде жеткізіліп қойған жұмыртқаларға шектеу қолданылмайды. Бұл жағдайда тауарға қатысты ілеспе жүкқұжат болуы тиіс.

Ауыл шаруашылығы министрлігі аталған шектеу туралы Еуразиялық экономикалық комиссияны хабардар етуге міндетті. Бұйрықты Қаржы министрлігі, Сауда және интеграция министрлігі, Ұлттық экономика министрлігі және Ұлттық қауіпсіздік комитеті келіскен.

Тыйымның мақсаты бұған дейін қазан айының соңында қоғамдық талқылауға шығарылған бұйрық жобасында түсіндірілген. Ведомствоның мәліметінше, бұл шара жұмыртқа өндірісін дамытуға, отандық өнімнің өткізілуін қамтамасыз етуге, ішкі нарықты қазақстандық жұмыртқамен қамтуға және бағаны тұрақтандыруға бағытталған.

Қазақстан мұндай шектеуді алғаш рет енгізіп отырған жоқ. 2026 жылғы сәуірде елде тауық жұмыртқасын импорттауға алты айға, ал 2025 жылғы желтоқсанда бір айға тыйым салынған болатын.