Құрылтай алғашқы Үкімет сағатын балалар мәселесіне арнады

Елде бауырын бағып, үй тірлігін тындыру үшін білім алудан бас тартқан оқушы көбейді. Биыл 941 бала күндізгі мектептен кешкіге ауысқан. Құқығы бұзылған жеткіншек бұл ғана емес. Министрлік қиын жағдайға тап болған 300 мыңнан астам баланы анықтады. Ата-ана міндетін дұрыс орындамағандар саны да бес жылда алты есе өскен. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қабылданған шаралар неге нәтиже бермей жатыр? Құрылтай қабырғасында өткен алғашқы Үкімет сағаты осы олқылықтың орнын толтыру тақырыбына бағытталды. Сонымен, жауаптылар не шешті? Аружан Задабек тарқатсын. 

АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Бала – болашағымыз дейміз. Сол болашақтың бүгінгі қауіпсіздігіне келгенде, мәселе аз емес. Бірі мектепте буллингке ұшырайды, бірі үйінде зорлық-зомбылық көреді, енді бірі интернеттегі қауіптен қорғансыз. Бүлдіршін құқығын қорғау бүгін ғана күн тәртібіне шыққан жоқ. Бұған дейін де заң қабылданып, бағдарлама бекітілді, орталықтар ашылды. Енді соның бәрін бір жүйеге біріктіру көзделіп отыр.«Қазақстан балалары» тұжырымдамасы 6 миллион 900 мың баланы қамтиды. Оған бөлінген қаржы аз емес,  1 триллион 300 миллиард теңге. Триллиллиондар төгілген тетіктің төрт негізгі бағыты бар: қауіпсіздік, білім, денсаулық және отбасы мен әлеуметтік қорғау.

ДИНАРА ЗӘКИЕВА, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ, БАЛА ҚҰҚЫҚТАРЫ ЖӨНІНДЕГІ УӘКІЛ:

111 мемлекеттік байланыс орталығы іске қосылды. Барлық мектепте әрбір баланың балалардың құқықтарын қорғау қызметтеріне тікелей жүгінуіне мүмкіндік беретін QR111 жүйесі енгізілді. Сондай-ақ білім беру ұйымдарында тәуекелдерді диагностикалауға және әрбір балаға көрсетілетін көмекті бақылауға арналған "Balazhan" платформасы қолданысқа берілді. 

АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Бала құқығын қорғауда мәселе тек мекеме мен қаржыға тірелмейді. Кейде қауіп бүлдіршіннің өз үйінен басталуы мүмкін. Тоғыз айдың ішінде 941 оқушы күндізгі мектептен кешкі оқуға ауысқан. Оның ішінде ата-анасы үй шаруасына жегіп, кішкентай бауырларына қарауды міндеттеген оқушылар бар.

ЖҰЛДЫЗ СҮЛЕЙМЕНОВА, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРІ:

Балалардың кешкі мектептерде оқуына жол бермеу үшін тиісті бұйрық жобасы мемлекеттік органдармен келісіліп қабылданатын болады.

АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Бір бала үйдегі тірлікке бола мектептен қол үзсе, енді бірі тергеу изоляторында жүріп білім алуға мұқтаж. Тұжырымдама осы олқылықтың орнын толтыруды көздейді. Енді изолятордағы 119 бала орта біліммен қамтамасыз етілмек. Шалғай аймақта үйірмеге жарымай, қала баласына жаутаңдай қараған қаракөздердің де тілегі қабыл болады. Ауылдық мәдениет үйлері мен клубтарда кемінде бес түрлі тегін үйірме мен секция ашу ұсынылды. 

РУСТАМ ӘЛИ, ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ АҚПАРАТ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

301 мың бала шығармашылық  тапсырыспен қамтылған. Мәдениет қызметкерлердің ауылдық деңгейде айлығы 25 пайыз ұлғайтылды. +  503 мәдениет үйіне жөндеу жұмыстарын жүргізу қажеттілігі анықталды.
 

АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Елде балаларды заңсыз еңбекке тарту, мәжбүрлі қайыр сұрату жағдайлары да жиі кездеседі. Жасөспірімдер егін егеді, базарда жүк тасиды, көлік жуып, курьер болады. Әрине, перзентті еңбекке баулығанда тұрған ештеңе жоқ.Бірақ баланы арзан жұмыс күші көріп, заңсыз еңбекке тарту – басқа мәселе.

БАХТИЯР ЖАЗЫҚБАЕВ, ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

8 мың ұйым тексеріліп, 1 600-ден астам заң бұзу анықталған.

АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Жауаптылардың ерекше балалардың қажеттілігін қамтамасыз етеміз деп қам жасап жүргеніне біраз болды. Бірақ әлі күнге дейін инклюзивті қоғам құру қарқын алмай келеді. Балам қатарға қосылсын деп қыруар қаржысын шашқан ата-ана бір есіктен шығып, екіншісін қағудан әбден қажыған. Олар үшін мықты маман табу кәдімгі квестпен тең. Тұжырымдама аясында педагог-ассистенттердің міндеттері нақтыланып, мұғалімдерді балалардың мінез-құлқымен жұмыс істеуге үйрету қарастырылған.

АСХАТ АЙМАҒАМБЕТОВ, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ, «ӘДІЛЕТ» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Мұндағы басты фактор – жалақы. Психологтер мен әлеуметтік педагогтердің жалақысы төмен, ал жүктемесі артып келеді. Лайықты жалақы мен қосымша үстемеақы болмаса, әсіресе шалғай аудандарға маман тарту өте қиын.

АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Балаға қауіпсіз орта жасаймыз дейміз. Бірақ кейде бүлдіршіннің өзі сеніп тапсырылған мекемеде де қауіпке тап болады. Балабақшадағы тәрбиешілердің күш қолданғаны туралы оқиғалар ара-тұра емес, қайта-қайта тіркеліп жүр. Бір жылдың ішінде зорлық-зомбылыққа байланысты 135 балабақша басшысы жазаланған. 

ЖҰЛДЫЗ СҮЛЕЙМЕНОВА, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРІ:

Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында бүлдіршіндерге мұндай мәселені қарастырмағаны үшін қазіргі таңда 71-ге жуық жеке тұлғаға айыппұл салынған.

АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Баланы қорғау – бір министрліктің немесе бір отбасының ғана міндеті емес. Бұл – ортақ жауапкершілік. Жоспарда 158 шара, оған бөлінген триллиондаған теңге бар. Бірақ мұның бәрі бүлдіршіннің өміріне нақты өзгеріс әкелмесе, құр есеп күйінде қалады. Заң қабылдау – міндеттің басталуы ғана. Ал оның орындалуын бақылау, олқылыққа жауап беру – басты міндет.