Табиғаттың тосын мінезі Тобыл өңірі тұрғындарын әбігерге салды. Ақпанда жауған жаңбыр көшелерді көктайғаққа айналдырып, көлік түгілі, жаяу жүрудің өзі қиынға соқты. Қоғамдық көліктер түске дейін түгел қаңтарылып, республикалық бағыттағы бірнеше тас жол жабылды.
Қолайсыздыққа байланысты Қостанайдағы кейбір кәсіпорындар жұмыс күнін қысқартты. Ал бірінші аусымда оқитын шәкірттер үйлеріне оралды. Ауа райының келеңсіздігіне байланысты түстен кейін оқитын оқушыларға сабақ болған жоқ. Күн райының күрт бұзылуына азиялық антициклон ықпал еткен.
Татьяна Косенко, синоптик:
Біздің облыс Ресейдің оңтүстік бөлігінен ығысқан жылы атмосфералық бөлшектердің ықпалына тап болды. Күн райының күрт жылынуынан, қар аралас жаңбыр жауып жатыр.
Заңғар САНАЙ