Қазақстандықтар банктен алған несиені нақты неге жұмсайды?

  • AstanaTV
  • 16 қараша 2026

Бірі баспанаға жөндеу жасайды, бірі тұрмыстық техника алады, енді бірі смартфон ауыстырғысы келеді. Әрине қалта көтерсе, ескіні жаңалағанға не жетсін. Қажеттілік расында көп, бірақ қаражат жоқ, мұндайда кредит көмекке келер. Қазақстандықтар банктен алған қарызын нақты неге жұмсайды? Сержан Айтжан айтсын. 

 Биыл алғашқы тоғыз айда берілген тұтынушылық кредиттердің 83,8 пайызы кепілсіз қарызға тиесілі. Ал темір тұлпарды несиеге алғандар - 12,1 пайыз. Кепілмен берілген кредиттер үлесі небәрі 4,1 пайыз. Яғни, көпшілік ірі сатып алуды да, күнделікті қажеттілікті де банк қаражаты арқылы өтеуге бейім.

БЛИЦ – САУАЛНАМА:

- Наличкаға алсаңыз сол баға, 200 мың. Рассрочкаға 12 айға алсаңыз да сол баға.
-  Халық типо бонус береді, акция болады деген сияқты ойлап, 2-3 есе қойып сатады, кәсіпкерлер. ал халықтың қалтасына тиімсіз. 
- Рассрочка кредиттен жақсы болады. Аласыз, сосын кейін төлейсіз. 

Банкке жүгінетіндердің арасында құрылыс пен тұрмыстық қажеттілік алдыңғы орында. Кредиттің мақсаты әртүрлі болғанымен, міндеті бір – оны уақытында қайтару. Алайда қарыз алғанда көпшілік ай сайынғы төлемге ғана назар аударып, үстеме пайыз бен жалпы артық төлемді ескере бермейді. 

ЛАУРА БАЙЖАРАСОВА,  ҚАРЖЫГЕР:

Ол жерде мысалы адам 1 млн теңге алуы мүмкін. 5 жылға 40 мың теңгеден төлесе, оның қайтаратын қаражаты 2 миллион 400 болуы мүмкін. Сондықтан ең бастысы несие алатын кезде қанша қайтарамын және де қандай пайызбен алып жатырмын деген сұраққа жауап беру керек.

 Білімге – 3,8, саяхатқа – 3,7, денсаулық сақтауға 2,6 пайыз. Бұл да қазақстандықтардың несие арқылы тек зат емес, қызмет пен мүмкіндік те сатып алатынын көрсетеді. Дегенмен қарызға қол жеткізу оңайлаған сайын, оны өтеу жауапкершілігі де арта түседі. Бүгінгі қажеттілік ертеңгі қаржылық ауыртпалыққа айналмауы үшін есеп пен еп керек.