Radio NS жаңарды: эфирде жаңа бағдарламалар мен жасанды интеллект жүргізушілері пайда болды

Фото: радио NS

Радиостанция музыкалық тұжырымдамасын өзгертті, қазақ тіліндегі контент көлемін арттырып, жаңа таңғы шоуын іске қосты, деп хабарлайды Astana TV.

Алматыда 16 қарашада Radio NS радиостанциясының жаңартылған эфирі тыңдарманға жол тартты. Қазақстандағы ірі коммерциялық радиожелілердің бірі музыкалық тұжырымдамасын жаңартып, «Қайырлы тайм. Просыпайся, жаным!» атты таңғы шоуын іске қосты. Сонымен қатар авторлық бағдарламалар желісін кеңейтіп, эфирге жасанды интеллект технологияларын енгізді.

Жаңартудың басты мақсаты – Radio NS-тің тыңдарманға жақсы таныс болмысын сақтай отырып, эфир мазмұнын заманауи әрі алуан түрлі ету. Жаңа тұжырымдама сапалы музыка, еркін қарым-қатынас, қазақстандық мәдени контекст пен заманауи технологияларды біріктіреді.

Музыкалық эфир жаңа форматта

Жаңартудың негізгі бағыттарының бірі – музыкалық эфирді өзгерту. Radio NS Adult Contemporary (AC) форматына бағдарланды. Бұл формат әуезді композицияларды, әр жылдардағы танымал хиттер мен бүгінгі музыкалық жаңалықтарды біріктіреді.

Жаңа тұжырымдаманы әзірлеу барысында радиостанция тұрақты тыңдармандары арасында зерттеу жүргізіп, олардың музыкалық талғамы мен қалауын зерделеді. Зерттеу нәтижелері жаңартылған плейлистің негізіне алынды.

Эфирде тыңдарманға таныс музыкалық бағыттар мен сүйікті композициялар сақталып, репертуар жаңа хиттермен және отандық орындаушылардың шығармаларымен толықты.

Таңғы эфирде жаңа шоу

16 қарашадан бастап жұмыс күндері сағат 07:00-ден 10:00-ге дейін тыңдармандарды Сергей Ежов пен Динара Исмаилова жүргізетін «Қайырлы тайм. Просыпайся, жаным!» музыкалық-ойын-сауық шоуы қарсы алады.

Бағдарламада еркін әңгіме, әзіл-қалжың, өзекті тақырыптар, интерактивті ойындар, музыкалық тосынсыйлар мен тыңдармандардың қызықты оқиғалары қамтылған.

Жобаның ерекшелігі – қазақ және орыс тілдерінің табиғи үйлесімі, ұлттық нақыш пен заманауи қалалық мәдениеттің тоғысуы.

Қазақ тіліндегі контент көбейді

Жаңартылған Radio NS-тің басым бағыттарының бірі – қазақ тіліндегі хабар тарату көлемін арттыру. Осыған байланысты күндізгі эфир негізінен қазақ тілінде жүргізіле бастады.

Сонымен қатар музыка, мәдениет, күнделікті өмір және пайдалы ақпарат тақырыптарын қамтитын авторлық бағдарламалар мен арнайы айдарлар желісі кеңейді.

Жаңа жобалар қатарында Орталық Азияда қазақ әндерін өзіндік орындау мәнерімен танытқан музыкант Алекс Филатовтың авторлық айдарлары бар. Сондай-ақ Мира Берген денсаулық, сұлулық және өмір салты тақырыптарын қозғайтын бағдарламасын ұсынды.

Ал «Ситуативный казахский» жобасының авторы Қанат Тасибеков қазақ тілін күнделікті өмірдегі нақты жағдаяттар мен қарым-қатынас арқылы үйренуге арналған айдарын жүргізеді.

Осылайша, радиостанция қазақ тіліндегі бағдарламалар санын арттырып қана қоймай, оны күнделікті медиакеңістіктің табиғи бөлігіне айналдыруды көздейді.

Эфирге жасанды интеллект жүргізушілері қосылды

Radio NS-тің кешкі және түнгі эфирінде жасанды интеллект технологиялары арқылы жасалған виртуалды жүргізушілер пайда болды. Олар музыкалық композицияларды таныстырып, эфирлік блоктарды сүйемелдеп, ақпараттық-ойын-сауық контентін ұсынады.

Бұл ретте бағдарламаларды әзірлеу, технологияларды баптау және редакциялық сүйемелдеу жұмыстарына мамандар қатысады. Яғни жасанды интеллект адам еңбегін толық алмастыратын жүйе емес, радио өндірісіндегі жаңа құрал ретінде қолданылады.

Радиостанция басшылығы жаңартудың мақсаты тек музыканы өзгерту немесе жаңа бағдарламалар ашумен шектелмейтінін атап өтті.

«Біздің мақсатымыз – музыканы жай ғана өзгерту немесе тағы бір таңғы шоуды іске қосу емес. Біз заманауи адамның өміріндегі радионың рөлін қайта пайымдағымыз келеді. Сондықтан ең алдымен тыңдармандарымыздың талғамы мен қалауын зерттеуден бастадық. Олардың қандай музыка тыңдағысы келетінін және қандай контентке қызығушылық танытатынын түсіну біз үшін маңызды. Біз аудиторияның Radio NS-ті жақсы көруіне себеп болған құндылықтарды сақтай отырып, эфирге жаңа дауыстарды, технологиялар мен идеяларды енгіземіз. Біздің түсінігімізде болашақ радиосы – технологиялар адамға қызмет ететін, ал адам өзінің басты құндылығы болып қала беретін кеңістік», – деді Radio NS бас директоры Махаббат Есен.

Айта кетейік, бүгінде Radio NS желісіне 27 филиал кіреді. Радиостанция Қазақстанның 70-ке жуық қаласы мен елді мекенін қамтиды.

Жаңартылған тұжырымдама радиостанцияның ұлттық медианарықтағы орнын нығайтып, аудиториямен байланысты жаңа деңгейге көтеруге бағытталған.

Radio NS. Жаңа үн. Таныс сезім.