Білім саласын цифрландыру: Зияткерлік мектептер тәжірибесі

Фото: ЖИ

Білім беру жүйесін цифрландыру – уақыт талабы ғана емес, елдің болашағын айқындайтын стратегиялық бағыттардың бірі. Бүгінде технологиялық өзгерістер білім беру мазмұнын жаңартып қана қоймай, мұғалімнің жұмыс тәсілін, оқушының білім алу мүмкіндігін және тұтас оқу үдерісін жаңа деңгейге көтеруде. Қазақстанда осы бағытта жүзеге асырылып жатқан бастамалардың ішінде Назарбаев Зияткерлік мектептерінің тәжірибесі ерекше назар аудартады. Astana TV тілшісі оқу ордасының цифрлық шешімдерімен танысып, мамандармен сұхбаттасты.

Оқушылардың зерттеушілік қабілетін дамыту, халықаралық білім беру тәжірибесін ұлттық жүйемен ұштастыру – бұл білім ордасының негізгі ерекшеліктері. Соңғы жылдары мектеп әкімшілігі педагогтердің кәсіби қызметін жеңілдетуге, оқушылардың жеке даму траекториясын қалыптастыруға және білім сапасын арттыруға бағытталған тың шешімдер енгізген.

Мұғалімнің уақытын үнемдейтін цифрлық шешімдер

Білім сапасын арттыру мұғалімнің кәсіби әлеуетіне тікелей байланысты. Алайда ұстаздың уақыты сабақ беруге, оқушымен жұмыс істеуге және кәсіби дамуға емес, түрлі есеп пен құжат толтыруға жұмсалса, бұл оқу үдерісінің тиімділігіне де әсер етпей қоймайды. Сондықтан педагогтердің жұмысын автоматтандыру – білім саласын цифрландырудағы маңызды міндет. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында ерекше атап өтті.

Назарбаев Зияткерлік мектептерінде бұл мәселе жүйелі түрде шешімін тауып келеді. Соның бір мысалы – педагогтердің кәсіби қызметін ұйымдастыруға арналған «NIS USTAZ» цифрлық платформасы.

Білім беру бағдарламалары орталығы директорының орынбасары Дархан Сейтмолдиевтің айтуынша, платформа мұғалімдердің жұмысын жеңілдетіп, нормативтік және әдістемелік материалдарды бір жерге жинақтауға мүмкіндік береді.

«Біз Назарбаев Зияткерлік мектептері мұғалімдерінің жұмысын жеңілдету үшін, әртүрлі нормативтік және әдістемелік материалдарды жүйелеп қолдану үшін арнайы «NIS USTAZ» платформасын әзірледік. Ол бір терезе қағидаты бойынша жұмыс істейді. Мұнда ұстаз сабақ жоспарын автоматты түрде жүктей алады. Бірнеше педагог бірлесіп немесе жекелей жоспар құрастырса да болады. Қолданатын оқулықтар да жүйеде сақталып тұрады. Негізгі мақсат – оқу бағдарламасын автоматтандыру. Яғни, бұл жүйе ұстаздың едәуір уақытын үнемдейді. Қағаз жүзінде ештеңе талап етпейміз», – дейді Дархан Сейтмолдиев.

НЗМ тәжірибесінде педагогтерді аттестациялау үдерісі де толық автоматтандырылған. Мектептер жүйесінің басқарма төрағасы Ануар Жанғозиннің сөзінше, арнайы цифрлық платформа арқылы мұғалімдер өздерінің кәсіби даму жолын жоспарлап, қажетті мәліметтерді жүйеге енгізеді.

«Биыл тамыз конференциясында Мемлекет басшысы педагогтерді аттестаттау процесін оңтайландыру бойынша ерекше атап өтті. Сол бойынша бізде жақсы тәжірибеміз бар. Бұл процесс бізде толықтай автоматтандырылған. Жеке цифрлық платформа бар. Осылайша педагог өз даму жолын алдағы бес жылға жоспарлап, арнайы жүйеде көптеген деректерді толтырады», – дейді Ануар Жанғозин.

Білім саласына жаңа технологияны енгізумен қатар, академиялық адалдықты сақтау, оқушының өз бетінше ойлау қабілетін дамыту және ақпараттың шынайылығын тексеру мәселелері де назардан тыс қалмауы керек. ҚР Құрылтайының депутаты Асхат Аймағамбетовтің пікірінше, жаңа технология мұғалімнің орнын алмастыру үшін емес, оның мүмкіндігін кеңейтіп, уақытын тиімді пайдалануға жағдай жасау үшін қажет.  

«Президент өз Жолдауында ұстаздарды артық әкімшілік жұмыстан босату туралы мәселені ерекше тоқталып айтты. Соны барлық салада ұйымдастыруымыз керек. Құрылтай депутаттары Президент тапсырмасының шеңберінде арнайы заң жобасын дайындады. Оны Үкіметке жібермес бұрын еліміздегі ең үздік мектептер желісі осы мәселені қалай қарастырып жатыр екен деп білуге келдік. Президент жасанды интеллектіні қолдану туралы да жиі айтады. Әрине, ЖИ-дің білім мазмұнына беретін нәтижесі бір бөлек. Мұғалімдерді артық әкімшілік жұмыстарынан құтқару үшін оның рөлі ерекше. Осы мектепте оның арнайы шешімдері қарастырылған», – дейді депутат.

Әр оқушының жеке даму траекториясы

Назарбаев Зияткерлік мектептеріндегі тағы бір инновациялық шешім – «NIS MEKTEBI» платформасы.  Бұл жүйе оқушының оқу үлгерімін ғана емес, оның тұлғалық дамуын да назарда ұстауға мүмкіндік береді. Мұнда әр баланың мақсаты мен жетістігі жеке қарастырылады.

«Әр оқушы «NIS MEKTEBI» платформасын пайдаланады. Онда олар академиялық мақсаттармен шектелмей, өзін-өзі дамытуға бағытталған басқа да жеке жоспарларын қояды. Ал оқытушылар сол жолдағы әр оқушының прогресі қалай болып жатқанын көріп, қиындықтар туса, қол ұшын созады», – дейді Ануар Жанғозин.

Сонымен қатар зияткерлік мектептерде оқушылардың психологиялық жағдайын бақылауға арналған арнайы цифрлық платформа жұмыс істейді. Оның көмегімен оқушылар психологиялық тестілеуден өтіп, нәтижесінде олардың эмоционалдық жағдайы мен қажеттіліктері туралы мәлімет қалыптасады. Қосымша қолдауды қажет ететін балаларға жеке жұмыс траекториясы белгіленеді. Бұл бағытта психологтар мен медицина мамандары бірлесе жұмыс жүргізеді.

Маңыздысы, аталған тәжірибе тек зияткерлік мектептермен шектелмей, жеті өңірдегі жалпы білім беретін мектептерге де енгізіліп жатыр. Бұл – озық цифрлық шешімдерді еліміздің өзге білім беру ұйымдарына тарату жолындағы нақты қадам.

Зерттеуші оқушы – инновациялық жобалардың авторы

Назарбаев Зияткерлік мектептеріндегі білім беру жүйесінің тағы бір ерекшелігі – оқушылардың ғылыми-зерттеу және жобалық жұмыстарына басымдық берілуі. Мұнда бала дайын ақпаратты қабылдаумен шектелмей, нақты мәселелердің шешімін іздеуге, идея ұсынып, оны тәжірибе жүзінде жүзеге асыруға үйренеді.

Осындай ізденістің бір нәтижесі – оқушылар әзірлеген «Tenzo» жобасы. Бұл – қолдың қимыл-қозғалысын қалпына келтіруге арналған экзоскелет құрылғысы. Жобаның авторлары оны оңалту үдерісін қолжетімді әрі тиімді ету мақсатында жасаған.

Оқушы Асылжан Сайлаудың айтуынша, құрылғының басты ерекшелігі –салмағы мен қолжетімді бағасы.

«Әлемдегі адамдардың 20 проценттен астамында буын немесе сүйекке байланысты мәселелері бар. Ал оны оңалту үшін өте көп ақша және уақыт керек. Осының шешімін табу үшін біз „Tenzo“ жобасын жасадық. Қолдың қимылын қалпына келтіруге арналған экзоскелет. Біздің жобамыздың басты ерекшелігі – оның салмағы. Құрылғы небәрі 800 грамм. Бұл оны кез келген жерде қолдануға мүмкіндік береді. Екіншіден, „Tenzo“ басқа экзоқаңқалармен салыстырғанда 100 есе арзан», – дейді жас өнертапқыш.

Жобаның тағы бір артықшылығы – оңалту жаттығуларын үй жағдайында орындауға мүмкіндік беруі. Әдетте маманның көмегімен жүргізілетін қайталама жаттығуларды науқас арнайы құрылғы арқылы өздігінен жасай алады.

Қазіргі уақытта жоба Ұлттық балаларды оңалту орталықтарында сынақтан өткізіліп жатыр. Жас өнертапқыштар республикалық ғылыми жобалар байқауларында да жүлделі орындарға ие болған.

Бұл бастама цифрлық және инженерлік білімнің нақты өмірдегі мәселелерді шешуге бағытталуы керектігін көрсетеді. Оқушының технологияны меңгеруі оның тек теориялық білімін арттырып қоймай, қоғамға пайдалы өнім әзірлеуіне мүмкіндік береді.

Озық тәжірибе – ортақ білім кеңістігінің негізі

Назарбаев Зияткерлік мектептерінің қызметі тек өз оқушыларына сапалы білім берумен шектелмейді. Мектептер желісі жинақталған тәжірибені еліміздің басқа білім беру ұйымдарымен бөлісуге де басымдық береді.

Нақты мысалы – халықаралық робототехника олимпиадасын ұйымдастырудағы қызметі. НЗМ – он жылдан бері осы бағыттағы халықаралық олимпиаданың ұлттық координаторы. Бұл бастамаға тек зияткерлік мектептердің оқушылары ғана емес, еліміздің жалпы білім беретін мектептерінің білім алушылары да қатысады.

«Бұл ретте біз тек зияткерлік мектептерде ғана емес, барлық отандық жалпы білім беретін мектептерде осы олимпиаданы ұйымдастырып, республикалық деңгейде өткіземіз. Және балаларды іріктеп, халықаралық деңгейге жеткіземіз. Жылдан-жылға орта білім беретін мектептің оқушылары осы олимпиадаға белсенді қатысып, жүлдегер атанып жатыр. Биыл желтоқсанда АҚШ-та өткізілетін олимпиадаға оқушыларымыз дайын», – дейді Ануар Жанғозин.

Зияткерлік мектептер желісі құрылғалы  26 мыңнан астам оқушы түлеп ұшты. Олардың 91 %-ы грант иеленсе, 21,7 %-ы шетелдік жоғары оқу орындарына түскен. Соңғы бес жылда НЗМ оқушылары халықаралық олимпиадаларда бес мыңға жуық жүлделі орын иеленген. 

Мұндай көрсеткіштер білім беру ұйымында қалыптасқан академиялық ортаның, жүйелі дайындықтың және оқушылардың қабілетін дамытуға бағытталған жұмыстың маңызын аңғартады. Сонымен бірге НЗМ ұлттық құндылықтарды дәріптеу мен кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға да көңіл бөледі. Өйткені заманауи білім беру тек технологияны меңгерумен шектелмей, рухани және зияткерлік дамуды қатар қамтуы тиіс.

«Назарбаев Зияткерлік мектебінің тәжірибесі өте терең. PISA-ның нәтижелеріне қарасақ, бұл мектеп әлемдегі ең үздік білім беру ұйымдарының қатарында келеді. Көбі дарынды балаларды жинап алған соң, әрине, солай болады деп ойлайды. Бірақ дарынды балалармен жұмысты дұрыс үйлестіру қиын әрі оған ерекше қабілет пен құзыреттіліктер керек», – дейді Асхат Аймағамбетов.

Депутаттың бұл пікірі білім беру сапасының негізі тек оқушының бастапқы қабілетінде емес, сол қабілетті ашуға мүмкіндік беретін орта мен педагогикалық тәсілдерде екенін көрсетеді.