Қазақстанда екпе алмаған балаларды мектеп пен балабақшаға кіргізбеуі мүмкін

Ашық дереккөз

Қазақстанда вакцина алмаған балалардың мектеп пен балабақшаға баруына шектеу қойылуы мүмкін. Алайда бұл талап барлық балаға бірдей қолданылмайды. Баланың білім беру ұйымына баруына сыныптағы немесе топтағы ұжымдық иммунитет деңгейі әсер етеді. Бұл туралы Денсаулық сақтау вице-министрі Манас Рамазанов мәлімдеді, деп хабарлайды Astana TV.

16 қарашада Құрылтайда өткен брифингте журналистер вице-министрден екпе алмаған балалардың мектеп пен балабақшаға баруына қатысты пікір білдіруді сұрады.

Бұған ата-аналардың балабақшаларда вакцина алмаған балалардың болуына қатысты шағымдары себеп болған. Олардың пікірінше, мұндай жағдай қызылша және басқа да жұқпалы аурулардың таралуына ықпал етуі мүмкін.

Журналистер Денсаулық сақтау және Оқу-ағарту министрліктері екпе алмаған балаларға білім беру ұйымдарына баруға тыйым салатын бірлескен бұйрық қабылдай ма деп сұрады.

Манас Рамазановтың айтуынша, мұндай шектеу қолданыстағы бұйрықта қарастырылған. Әсіресе қызылшаға қатысты талаптар ұжымдық иммунитет деңгейіне байланысты қолданылады.

«Егер топтағы немесе сыныптағы балалардың басым бөлігі екпе алған болса, бір баланың вакцина алмауы ұжымдық иммунитетке әсер етпейді. Мұндай жағдайда бала сабаққа бара алады. Ал егер сыныптағы немесе топтағы балалардың көпшілігі екпе алмаған болса, мектеп пен балабақшаға баруға тыйым салынады», – деді вице-министр.

Осылайша, екпенің болмауы баланы мектепке немесе балабақшаға автоматты түрде жібермеуге негіз болмайды. Әр жағдай ұжымдағы вакцина алған балалардың үлесіне қарай жеке қарастырылады.

Вице-министр жаңа бірлескен бұйрық қабылданатыны туралы ақпарат айтқан жоқ. Оның түсіндіруінше, бұл мәселе қолданыстағы тәртіп аясында реттеледі.