Астанада жол жиегін тазалап жүрген жұмысшыларға көлікпен су шашып кеткен Lexus жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот 32 жастағы Нұржан Тохмурзаевты ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алу жазасын тағайындады, деп хабарлайды Astana TV.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде Lexus көлігінің үлкен шалшықтан өтіп, жол жиегін тазалап жүрген жұмысшыларға су шашып кеткен сәті түсірілген видео тараған болатын.
Астана қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, жүргізуші бағдаршамның жыпылықтаған белгісіне және маңайда адамдардың жүргеніне қарамастан, жылдамдығын төмендетпеген.
Полиция қызметкерлері көлік жүргізушісінің жеке басын анықтады. Рөлде 32 жастағы Нұржан Тохмурзаев болған.
Сот оны ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алу туралы шешім шығарды.