Қазақстан ЮНЕСКО мұраларының саны бойынша Азиядағы үздік 20 елдің қатарына енді

Қазақстан ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енген нысандар саны бойынша Азия елдері арасында 13-орынға тұрақтады. Рейтингті X әлеуметтік желісіндегі танымал Asia Nexus парақшасы жариялады. Оны құрастырушылар ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар орталығының деректеріне сүйеніп, мәдени, табиғи және аралас мұра нысандарын есепке алған, деп хабарлайды Astana TV.

Қазір Қазақстанның ЮНЕСКО тізімінде жеті нысаны бар. Көрсеткіш бойынша еліміз Моңғолиямен тең. Аталған мемлекет рейтингте Қазақстаннан кейін орналасқан.

Қытай мен Үндістан көш бастап тұр

Рейтингтің бірінші сатысында Қытай тұр. 25 шілдеде Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында өткен Дүниежүзілік мұра комитетінің отырысында елдің 61-нысаны тізімге енгізілді. Бұл – ғасырлар бойы фарфор өндірісімен танылған Цзиндэчжэнь қаласының өндірістік мұрасы. Мұнда X–XIX ғасырларда қалыптасқан фарфор жасау жүйесінің тарихи орындары сақталған.

ЮНЕСКО Дүниежүзілік мұралар орталығының номинациялар бөлімінің басшысы Алессандро Бальзамо Қытайдың бұл бағыттағы үлесін жоғары бағалады.

«Қытайдың Дүниежүзілік мұралар тізіміне қосқан үлесі айрықша», – деді ол.

Оның айтуынша, Қытайдағы мұра нысандарының саны ғана емес, тарихи және мәдени алуандығы да ерекше назар аудартады.

Екінші орында Үндістан орналасқан. Осы отырыста елдің 45-нысаны ретінде ежелгі буддалық Сарнатх кешені тіркелді. Аңыз бойынша, Будда ағартушылыққа жеткеннен кейін алғашқы уағызын дәл осы жерде айтқан.

Дүниежүзілік мұралар тізімі жаңа нысандармен толықты

Рейтингтің алдыңғы қатарындағы өзге мемлекеттер де ЮНЕСКО тізімін жаңа нысандармен толықтырды. Ираннан Аламут қамалы мен оған қатысты қорғаныс құрылыстары, ал Жапониядан ежелгі Асука-Фудзивара астанасының тарихи орындары енгізілді.

Биылғы отырысты қабылдаған Оңтүстік Корея рейтингте 17-орында тұр. Қолданыстағы тәртіп бойынша әр мемлекет жылына бір ғана нысанды ұсына алады. Сондықтан көшбасшы елдер мен қалған мемлекеттер арасындағы айырмашылық біртіндеп қана қысқарып келеді.

Қазақстанның жетінші нысаны

25 шілдеде Маңғыстаудағы жерасты мешіттері мен киелі орындар ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізіліп, Қазақстанның жетінші нысаны атанды.

Олардың қатарында Шопан ата, Қараман ата, Шақпақ ата, Сұлтан епе және Бекет ата жерасты мешіттері бар.

Ерлан Қарин бұған дейін аталған тарихи орындарды ЮНЕСКО тізіміне енгізу жұмыстары Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қайта жанданып, жаңа деңгейге көтерілгенін атап өткен болатын.

Бұл мешіттер кезінде құлшылық ететін орын ғана емес, білім мен рухани тәрбие беретін орталықтар да болған.

«Бұл жартастар халқымыздың тарихи жадын, ата-бабаларымыздың аманатын сақтап тұр», – деді ол.

Қазақстанның қандай нысандары ЮНЕСКО тізімінде бар?

Қазақстаннан ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне алғаш болып Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі енді. Тарихи ескерткіш 2003 жылы халықаралық деңгейде мойындалды.

Кейін тізімге Таңбалы петроглифтері мен Жібек жолының Чанъань–Тянь-Шань дәлізі қосылды.

Табиғи мұралар қатарында Сарыарқа – Солтүстік Қазақстанның далалары мен көлдері, Батыс Тянь-Шань және Тұранның суық қысқы шөлдері бар.

Бұл нысандардың бір бөлігі Қытай, Қырғызстан және Түрікменстанмен ортақ трансшекаралық мұра ретінде тіркелген.

Моңғолияда да жеті нысан бар

Моңғолия да биыл жазда Пусанда өткен отырыста тізімін жаңа нысанмен толықтырды. ЮНЕСКО қатарына ғұн ақсүйектерінің қорғандары, соның ішінде елдің шығысындағы Дуурлиг-Нарс жерлеу кешені енгізілді.

Бұл тарихи ескерткіштерді Оңтүстік Кореяның Ұлттық музейі мен моңғол археологтары 30 жылдан астам уақыт зерттеген.

Моңғолияның ЮНЕСКО тізіміне енген алғашқы нысаны – Увс-Нуур көлінің қазаншұңқыры. Ол 2003 жылы тіркелді.

Кейін тізімге Орхон аңғарының мәдени ландшафты, Моңғол Алтайының петроглифтері, қасиетті Бурхан-Халдун тауы және Даурия ландшафттары қосылды.

Тағы бір ерекше нысан – Хангай жотасының баурайындағы қола дәуіріне жататын бұғытастар. Ежелгі тұрғындар оларды жерлеу және діни рәсімдер кезінде орнатқан.

Қазақстан тағы қандай нысандарды ұсынбақ?

Президент ЮНЕСКО тізіміне енгізу үшін жаңа өтінімдер дайындауды тапсырды.

Олардың қатарында Жаркенттегі ағаш мешіт, Алматыдағы Вознесенск кафедралды соборы және Қаратау петроглифтері бар.

Жаркент мешіті мен Вознесенск соборы қазірдің өзінде ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралардың алдын ала тізіміне енгізілген.

Халықаралық ұйымның негізгі тізіміне өту үшін нысан алдымен осы алдын ала тізімге енуі тиіс. Содан кейін ғана мемлекет толыққанды өтінім бере алады.