Алматыда түнгі апат: өрт сөндіру көлігімен соқтығысқан жүргізуші қаза тапты

Фото: видеодан скриншот

Алматыда түн ортасында болған жол апаты адам өлімімен аяқталды. Өрт сөндіру қызметінің арнайы көлігімен соқтығысқан Toyota Camry жүргізушісі оқиға орнында көз жұмды. Арнайы көліктің жүргізушісі ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Astana TV.

Қайғылы оқиға 17 қараша күні сағат 00:40 шамасында Әуезов пен Тимирязев көшелерінің қиылысында болған. Жол апатының кадрлары әлеуметтік желіде таралып, онда соқтығысқан көліктер мен оқиға орнында жұмыс істеп жатқан шұғыл қызмет өкілдерін көруге болады.

Алматы қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, қиылыста өрт сөндіру қызметінің арнайы көлігі мен Toyota Camry соқтығысқан. Алдын ала дерек бойынша, өрт сөндіру көлігі жарық белгілерін қосып, шақыртуға бара жатқан. Алайда қиылыстан өту кезінде жеңіл автокөлікпен соқтығысқан.

«Жол-көлік оқиғасы салдарынан жеңіл көліктің жүргізушісі өмірге сәйкес келмейтін жарақаттар алып, көрсетілген медициналық көмекке қарамастан оқиға орнында көз жұмды. Арнайы көліктің жүргізушісі медициналық мекемеге жеткізілді», – деп хабарлады полиция.

Адам өліміне әкеп соққан жол апатына байланысты Алматы қалалық Полиция департаментінің анықтау басқармасы сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады.

Қазір мамандар оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр. Апатқа не себеп болғаны тергеу нәтижесінде белгілі болады.