Павлодарда бір жарым мың халқы бар Береке ауылына балабақша керек

Павлодарда 1 жарым мың халқы бар Береке ауылы балабақшаға жарымай отыр. Елдімекенде 40 балаға арналған шағын орталық бар. Алайда, оған барлығы бірдей сыймайды. Көлігі барлар бүлдіршіндерін Ақсу қаласындағы бақшаға тасиды. Ал жағдайы жоқтар сәбилерін қайда апарарын білмей отыр.   Ауылдағы ағайынның базынасын Өзгеріс Қуанар жеткізеді. 

Қали Әбиіктің 4 баласы бар. Жолдасы екеуі кезекпен бағады. Өйткені, ауылдағы шағын орталықта балабақша жасындағы екі бүлдіршініне орын жоқ. 

ҚАЛИ ӘБИІК, БЕРЕКЕ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Мен еркек басыммен бала бағып отырмын. Мына ауылда садик бар болатын болса, мыналарды садикке беріп, қандай бір жағдай жасауға тиістіміз. Көздеріңізбен көріңіздер міне, мына бала үйде құлыптаулы тұр. 

Ауылдағылардың дені - көпбалалы отбасы.  Алайда, балабақшаның жоқтығы аналарға қолбайлау болып тұр. Жұмысқа шығайын десе, бала  қалдыратын жер жоқ. 

АРДАҚГҮЛ ҚИЫСҚАН, БЕРЕКЕ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

7 баланың анасымын. Жұмыс жоқ. Жұмысқа шығайын десем баланы қалдыратын жер жоқ. Сонымен үйде бала бағып отырмын. Садиктің екі баласы бар. Олар садикке бара алмайды. Өйткені, орын жоқ. 20-ақ орын мұғалімдердің, жұмысшылардың ғана баласы алынады. Сондықтан үйде отырмыз. 

Тұрғындардың мәселесін айтып, әкімдік табалдырығын тоздырғанына біраз жылдың жүзі болыпты. Алайда, түйінді түйткілдің шешілер түрі жоқ – дейді.

ЖАҢЫЛХАН БАЙДОЛДА, БЕРЕКЕ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Былтыр біз шақырған кезде бізге уәде берген. Балабақша салынады деп 240 орын. Бізде балабақша бар. Мини центр 40 бала ғана отыр.  200 бала үйде отыр.  

Ауылдың жаңа әкімі бұл мәселеден хабардар. Балабақшаның жобалық сметалық құжаты дайындалып, сараптамаға тапсырылған. Қазіргі уақытта сараптама нәтижесін күтіп отырғанын жеткізді. 

РУСЛАН ОМАРОВ, ДОСТЫҚ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:

Сараптаманың нәтижесін тосу керек. Онсыз бюджет қаражаты берілмейді. Сол себептен аздап уақытпен кешеуілдеп жатқан жағдай бар. Орны белгіленген. Біз енді үміттеніп отырмыз. 140 балаға арналған сондай жоба бар. Бүгінгі күні мектепте шағын орталық бар. Әрине, ол жеткіліксіздеу. Халықтың да көкейіндегі тосып отырған мәселесі сол. 

Ауылға балабақшаның қашан салынары әзірге белгісіз.Сондықтан  тұрғындардың күтуден басқа амалы жоқ.