Құдайы ас берудің қағидаттары бекітілді

  • AstanaTV
  • 17 қараша 2026

"Өлі разы болмай, тірі байымайды". Дегенмен, соңғы уақытта ата-бабамыздан қалған бұл жоралғы қайғыны бөлісу емес, кімнің асқа көбірек ақша шашқанын жарыстыратын жарысқа айналып барады. Қаралы отбасылар елден қалмау үшін миллиондап қарызға батып, дастарқанды тойға айналдырып жатыр. Осыған байланысты мүфтият жаңа қағида бекітті. Қара халық бұған қалай қарайды? Дәстүр не дейді? Назерке Алтынбек тарқатады. 

 «Қазалы үйде қазан қайнатылмайды» дейді.  Халқымыз ас беру мәдениетін ежелден сақтаған. Тіпті, жас өлім мен кәрі өлімді қатаң ажыратқан. «Кәрінің асын жеген жанның жасы ұзақ болады» дегенге сенген.  Ал арманда кеткен жасқа  тойдың иісі шығар дастархан жайылмаған. Жалпы, қазақта қаза болған үйден ас та дәм етпеген дейді тарихшылар.

СМАЙЫЛ МАМЫР,  ТАРИХШЫ:

Ас бермеген. Жаназасы шыққан үйден үш күнге дейін дәм бермеген. Айтпаса кәрі кінәлі, ұқпаса жас кінәлі дейді. Үлкен қариялар осы нәрсені айтып, бір емес бірнеше топ болып, қоғамдық ұйым болып, ақсақалдар болып осы нәрсеге ат салысу керек.

Десе де, бүгінгі қоғамда бұл дәстүрдің сипаты өзгеріп барады. Қала тұрғыны Нұрипа қазір әркім өз білгенін істейтін заманға айналғанын айтады. Тіпті, бар -жоғын шашып ас беретіндерді де көзіміз көріп жүр дейді ол. Өз ойы ысыраптан аулақ болса да, өзгелердің әрекетіне қарсы шықпауды жөн көреді.

НҰРИПА ЕСІРКЕПОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

 Сауап болады, жесе тиеді дейді ғой. Сол сияқты жұрттар ойлайды, жеп кетсін осы нәрселерді, әйтеуір, тисін сол адамға дейді да. Енді ол да дұрыс шығар бір жағынан.

Осындай олқылықтардың жолын кесу үшін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы құдайы ас беру мәдениетін біріздендіруге арналған арнайы құжат қабылдады. Онда марқұмды еске алу рәсімдеріндегі дастарқан мәзірін реттеу, ысырапқа жол бермеу және қаралы отбасыларға түсетін қаржылық салмақты азайту көзделген. Соңғы уақытта жетісі, қырқы мен жылдығына арналған астарда шектен тыс шығын шығарып, тойдан кем өткізбейтіндер көбейген. Тіпті елден қалмау үшін қарызға бататындар да бар.

ЕЛБЕК ТАСБОЛАТҰЛЫ,  ҚМДБ ШАРИҒАТ ЖӘНЕ ПӘТУА БӨЛІМІНІҢ МАМАНЫ:

Тойдың дастарханы болып кетпеуі керек. Қайғыны бөлісуге келеді халық, сондықтан бұл жерде жарыс даңғазалық ысырапкелшілік болмауы керек. Негізгі ата-бабаларымыз жайған 7 тағамға тоқталған. Марқұмға сауап болсын, қайғыны бөлісу секілді барынша қолымыздан келген тәсілмен үгіттеу әрі қарай да жалғасып жатыр.

НАЗЕРКЕ АЛТЫНБЕК, ТІЛШІ:

Ал мүфтият бекіткен 7 тағамға не кіреді? Шай, бауырсақ, ет немесе палау, сары май, тары немесе талқан, қант пен кәмпит, жеміс-жидектер немесе құрма, мейіз, өрік. Сондай-ақ ас берудің 7 маңызды қағидасы   айқындалған: шынайы ниет, құдайы асқа жиналу, Құран оқып дұға жасау, ысырапқа жол бермеу, уағыз айту, отбасын жұбату және қарапайымдылықты сақтау. Бас мүфтият бұл бастама өңірлердегі ортақ мәдениетті қалыптастырып, қаралы отбасыларға түсетін ауыртпалықты азайтады деп сенеді.