Ел экономикасын дамытуға бағытталған «Халықтық құрылыс» бағдарламасы отандық өнеркәсіптің өркендеуіне тың серпін бермек. Президент бастамасын жүзеге асыруға Ұлттық қордан шамамен 6,5 триллион теңге бағытталады. Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің айтуынша, бұл қаражат құрылыс саласымен қатар, отандық өндіріс орындарының әлеуетін арттыруға да мүмкіндік береді.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
«Бүгінде қазақстандық кәсіпорындар негізгі құрылыс материалдары бойынша ішкі қажеттіліктің орта есеппен 73 пайызға жуығын қамтамасыз етіп отыр. Енді осы қуаттарды „Халықтық құрылыс“ бағдарламасының жобаларына барынша жұмылдырып, материалдар мен жабдықтар өндірісін кеңейту қажет болатын бағыттарды алдын ала айқындап алу керек».
Премьер-министр отандық кәсіпорындарды қолдауда офтейк-келісімшарттардың маңызын атап өтті. Бұл тетік өндірушілерге өнімін ұзақ мерзімді шарт негізінде өткізуге кепілдік береді. Нәтижесінде өндіріс көлемін ұлғайтып, қазақстандық шикізатты терең өңдеуге және жаңа технологияларды игеруге жол ашылады. Ал жобаларды қаржыландыру мен инвесторлармен жұмысты үйлестіруге «Бәйтерек» холдингінің құралдары пайдаланылмақ.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
Жалпы қарапайым сөзбен айтсақ, біз бюджеттен қаражат бөлсек, оны игеретін компания қазақстандық болуы керек, ол ақшаға алынатын материалдар, тауарлар қазақстандық болуы керек. Болды. Оп-оңай қағидат. Оны бәріміз ұстануымыз керек. Ал егер Қазақстанда қандай да бір тауар өндірілетін болса, біз oны сатып алмай, импорттап алып келетін болсақ, ол - мемлекет мүддесіне қайшы келетін әрекет. Оны үзілді-кесілді айту керек. Үкімет мүшелеріне және өңір басшыларына айтатыным, ескеріңіздер.