Қоғам Қазақстанда антибиотиктерді рецептісіз сатқан дәріханаларға 8,2 млн теңгеден астам айыппұл салынды

Фото: ашық дереккөз

Қазақстанда жыл басынан бері антибиотиктерді дәрігер рецептісіз сатқан дәріханаларға 8,2 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, осы уақыт аралығында 38 әкімшілік хаттама толтырылған, деп хабарлайды Astana TV.

Дәрілік заттарды сату тәртібінің сақталуын Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің аумақтық департаменттері тексеріп жатыр.

Салыстырмалы түрде алғанда, 2023 жылы рецептісіз дәрі сату бойынша 26 хаттама толтырылып, 3,5 млн теңгеден астам айыппұл салынған. 2024 жылы 45 хаттама жасалып, айыппұл көлемі 7,6 млн теңгеден асқан. Ал 2025 жылы 59 хаттама толтырылып, 9,5 млн теңгеден астам айыппұл өндірілген.

Рецептісіз сатуға жиі әрекет жасалатын антибиотиктердің қатарында «Азитромицин», «Цефтриаксон», «Цефазолин» және «Ципрофлоксацин» бар.

Министрлік антибиотиктерді дәрігердің тағайындауынсыз қабылдау бактериялардың дәріге төзімділігін арттыратынын ескертеді. Бұл инфекциялық ауруларды емдеуді қиындатып, препараттардың тиімділігін төмендетуі мүмкін.

Осы мәселені бақылауды күшейту үшін Денсаулық сақтау министрлігі Цифрлық экономиканы дамыту орталығымен бірлесіп, жоғары тәуекел тобына жататын дәрілерге міндетті электрондық рецепт енгізу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жаңа жүйе дәрілік заттарды цифрлық таңбалау және қадағалау жүйесімен біріктіріледі.