Ақтауда оқушылар арасында «Табиғат детективтері» атты экологиялық квест-сайыстың финалы өтті

  • AstanaTV
  • 17 қараша 2026

Ақтауда оқушылар арасында «Табиғат детективтері» атты білім беру квест-сайысының ақтық сыны өтті. Зияткерлік додаға облыстың тоғыз мектебінен жиналған командалар қатысты. Ойын форматында ұйымдастырылған шара 8 және 9-сынып оқушыларының экологиялық сауатын ашып, логикалық ойлауы мен зерттеушілік қабілетін шыңдауды көздейді. 

Алдымен Маңғыстаудың тоғыз мектебінен келген оқушылар сап түзеп, таныстыру кезеңінен өтті. Тапсырмалар қолға тиген сәттен-ақ үздік атану жолындағы бәсекенің оңай болмайтыны аңғарылды. Жас зерттеушілер әр сұрақты қызу талқылап, жауабын іздеуге кірісті. Тіпті өз болжамдарын қарсыластарына сездірмеуге тырысып бақты.

 МҮСІЛІМ ЖҰБАНТҰРЛЫҰЛЫ, ЭКО-КВЕСТ ҚАТЫСУШЫСЫ:

Жарысқа арнайы дайындалған жоқпыз. Себебі әр қатысушы өз білімін сынап, деңгейін көрсетуі керек. Қазір экологиялық мәселелер көп. Сондықтан табиғатты қорғау бағытында дамып, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауымыз қажет

Республикалық экологиялық бастама аясында қолға алынған сайыс биыл үшінші мәрте өткізіліп отыр. Сынақ үш кезеңнен тұрады. Алғашқы бөлімде оқушылар экологиялық есептер мен логикалық жұмбақтарды шешті. Екінші кезеңде мобильді қосымшалардың көмегімен деректер іздеп, түрлі басқатырғыштардың түйінін тарқатты. Ал соңғы «Морфеус» бөлімі қатысушылардың білімін ғана емес, сезім мүшелерінің қырағылығын да сынады. 

ДУМАН НҰРБОЛАТҰЛЫ,  ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ЖӘНЕ ТУРИЗМ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЭКОЛОГИЯ ЖЕТЕКШІСІ:

Экологиялық сананы қалыптастырады бірінші очередь. Екінші очередь өзіміздің Президентіміздің жолдауы бар ғой “Таза Қазақстан” деген, сол бағытта да бар. Бізде балалар квест дегенді жақсы көреді ғой, ойыншықтарды ойнағанды, бірдеңенің шешімін тапқанды, логикалық ойлауды, соның бәрін қалыптастырады

Тартысты өткен сайыс қорытындысы бойынша Мұнайлы ауданындағы №11 мектептің «Экомұра» командасы топ жарды. Екінші орынды Ақтау қаласының екі командасы өзара бөлісті. Ал үздік үштікті «Дарын» мектебі мен Қарақия ауданынан келген жас экологтар түйіндеді.