Арзан дөңгелекке алданғандар: Ақтөбеде бес адам миллион теңгеге жуық шығынға батты

ru.freepik.com

Ақтөбе облысында қысқы дөңгелек сатып алмақ болған бес тұрғын интернет-алаяқтардың құрбаны болды. Қараша айының басынан бері келтірілген шығын бір миллион теңгеге жуықтаған, деп хабарлайды Astana TV.

Полиция мәліметінше, алаяқтар интернетте дөңгелектерді нарықтағы бағадан арзан ұсынып, тауарды жеткізіп беруге уәде етеді. Сатып алушылардан брондау немесе сатып алу үшін алдын ала төлем сұрайды. Ақшаны алған соң байланысқа шықпай, хабарландыруларын өшіріп тастайды.

Полиция тұрғындарға сатушының сенімділігін тексермей ақша аудармауға және тауарды көрмей тұрып алдын ала төлем жасамауға кеңес берді.

Бұған дейін Ішкі істер министрлігі де қысқы дөңгелек сатуға қатысты жалған хабарландырулар көбеюі мүмкін екенін ескерткен болатын.