Атақты бәйге атының өлексесі қоқыс контейнерінен табылды

@BILD_Russian

Бес жасар So You Are есімді сәйгүліктің өлексесі Сиднейдің оңтүстігіндегі қоқыс полигонынан табылды, деп хабарлайды Astana TV.

Ол өзінің спорттық мансабында сегіз рет жеңіске жетіп, 1,4 миллион аустралиялық доллардан астам жүлде қорын иеленген.

BILD_Russian ақпаратынша, 3 қараша күні сәйгүлік беделді Melbourne Cup бәйгесінде сегізінші орын алған болатын. Арада 13 күн өткен соң, жылқының іші қатты түйіліп, ауыр хәлде ветеринарлық клиникаға жеткізілген. Алайда шұғыл ота кезінде дәрігерлер оны ұйықтатып тастау туралы шешім қабылдады.

Жануардың өлексесін қоқыс полигонының жұмысшысы тауып алып, видеосын Facebook желісіне жариялаған. Кейінірек анықталғандай, ветеринарлық клиниканың мердігер компаниясы өлексені кәдеге жарату  үшін қоқыс контейнеріне салып жіберген.

Австралияның бәйге жарыстарын қадағалайтын Racing NSW ведомствосы жануардың өлексесіне мұндай немқұрайлылық танытуды «мүлдем жол беруге болмайтын жағдай» деп атады. Ветеринарлық клиника кешірім сұрап, кәдеге жаратуға жауапты компаниямен әріптестікті тоқтатты.