Қазақстан мен Сингапур арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек көрсету туралы келісім ресми түрде бекітілді, деп хабарлайды Astana TV.
2025 жылғы 8 қыркүйекте Сингапурда қол қойылған құжат негізіндегі жаңа келісім екі мемлекеттің құзырлы органдарына қылмыстық істерді тергеу және қарау кезінде тығыз жұмыс істеуге жол ашады. Сонымен қатар бұл құжат басқа тараптың аумағында қажетті процестік әрекеттерді тез арада орындауға және дәлелдемелерді жедел жинауға мүмкіндік беретін құқықтық жүйе қалыптастыруды көздейді.
Құжатқа сәйкес, тараптар бір-біріне мынадай бағыттар бойынша көмек көрсете алады:
-
Дәлелдемелер жинау және сараптамалар жүргізу;
-
Тінту және басқа да қажетті процестік шараларды ұйымдастыру;
-
Банктік шоттар туралы мәліметтерді анықтау;
-
Қылмыстық жолмен тапқан кірістерге қарсы шаралар қолдану;
-
Куәгерлер мен қажетті тұлғалардың жауап алуға және процестік әрекеттерге қатысуын қамтамасыз ету.
Сонымен қатар келісімде құқықтық көмек беруден бас тартуға болатын жағдайлар да нақты көрсетілген. Атап айтқанда, сұранысты орындау мемлекеттің егемендігіне, қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртібіне немесе басқа да маңызды мүдделеріне қатер төндірсе, сондай-ақ азаматтың нәсіліне, дініне, жынысына, ұлтына немесе саяси көзқарасына байланысты құқықтары шектелуі ықтимал болса, көмек көрсетілмейді.
Бұған қоса, сұрау салу жүріп жатқан тергеу жұмыстарына кедергі келтіретін болса немесе күдікті бұл қылмысы үшін бұрын жауапқа тартылып, ақталып шыққан, жазасын өтеп болған немесе оған кешірім жасалған жағдайларда да құқықтық көмек көрсетуден бас тартылуы мүмкін.