Жасанды интеллект қаупі: депутат азаматтардың цифрлық құқықтарын қорғауды күшейтуді ұсынды

фото: Құрылтайдың баспасөз қызметі

Жасанды интеллект арқылы әзірленген дипфейк-роликтерді алаяқтық қылмыстық мақсатта пайдаланудың жолын кесу – аса маңызды. Бұл туралы Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Гүлісхан Нахбаева бірқатар ведомство басшысына жолдаған депутаттық сауалында айтты, деп хабарлайды Astana TV.

Бұл ретте, депутат адамның жария мәртебесі оның атынан жалған мәлімдемелер мен әрекеттерді шынайы оқиға ретінде таратуға негіз болмауға тиіс екенін мәлімдеді. Осыған байланысты, ол адамның бейнесін, дауысын және цифрлық келбетін заңсыз пайдалану жағдайларын қарау кезінде қолданыстағы заңнаманы бірізді қолдануды қамтамасыз етуді ұсынды.

“Бүгінде жасанды интеллектінің заманауи технологиялары адамның бұрын-соңды айтпаған сөздерін сөйлетіп, жасамаған әрекеттерін жасатып, ешқашан болмаған жерде жүргендей етіп көрсететін фото, бейне және аудиоматериалдар жасауға мүмкіндік береді. Бұл үшін жоғары кәсіби дағдылар мен арнайы құралдардың болуы міндетті емес. Ашық қолжетімді фотосурет немесе дауыс жазбасы жеткілікті. Мәселенің тағы бір қыры – жасанды интеллектіні қылмыстық мақсатта пайдалану. Әңгіме дипфейктер туралы болып отыр. Осындай бейнероликтердің бірі жуырда 240 мыңнан астам қаралым жинаған. Адамның келісімінсіз интимдік сипаттағы бейнелер мен бейнежазбаларды жасау ерекше қауіп төндіреді. Тіпті толығымен жасанды материалдың өзі адамның беделіне нақты зиян келтіруі мүмкін. Бұл ретте әйелдер мен кәмелетке толмағандар аса осал топқа жатады. Бүгінде осы құқықтық кепілдіктерді іс жүзінде іске асыру айрықша маңызға ие. Өзінің бейнесі немесе дауысы заңсыз пайдаланылған азамат қайда жүгіну керектігін, заңсыз материалды қалай жоюға болатынын және кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке қалай тартуға болатынын нақты білуі тиіс”, – дейді депутат.

Депутат цифрлық кеңістікте ақпарат тарату жылдамдығы дәстүрлі арналардан мыңдаған есе жоғары екенін ескертіп, жеке тұлғаның қауіпсіздігі мен сөз бостандығы (журналистік, ғылыми, шығармашылық қызмет) арасындағы алтын ортаны сақтау маңыздылығын атап өтті. Дегенмен, адамның қоғамдағы жария мәртебесі оның атынан жалған мәлімдемелер таратуға негіз бола алмайды.

Осыған орай, депутаттар Үкіметке мынадай 4 негізгі ұсыныс жолдады:

  1. Заңнаманы біріздендіру: Азаматтардың бейнесі, дауысы мен цифрлық келбеті заңсыз пайдаланылған жағдайларды қарауда қолданыстағы заңдардың біркелкі сақталуын қамтамасыз ету;

  2. Платформалармен жұмыс: Құқыққа қайшы келетін синтетикалық контентті лезде анықтап, таралымына тосқауыл қою үшін мемлекеттік органдардың онлайн-платформалармен (соның ішінде шетелдік ресурстармен) байланысын нығайту;

  3. Құқық қорғау саласын күшейту: Цифрлық сараптама әдістерін жетілдіріп, заң бұзушыларды анықтау ісін жақсарту, сондай-ақ полиция қызметкерлерінің осы бағыттағы біліктілігін арттыру;

  4. Талдау жүргізу: Құқық қолдану тәжірибесіне түскен шағымдардың санын зерделеп, туындаған мәселелерді шешу үшін жауапты органдар мен мерзімдері нақты көрсетілген шаралар кешенін әзірлеу.

Сөз соңында депутаттар фракциясы онлайн-платформалар мен жасанды интеллект саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіруге әрқашан дайын екенін жеткізді.