Енді бал ашатындар мен жол ашатындарды мемлекет қадағалайды

Енді бал ашатын балгерлер мен жол ашатын коучтар мемлекет қадағалауында болады. Тіпті, бәліш пісіріп, ас әзірлеудің әлегін жеңілдететіндерге талап күшейеді. Бұдан былай кім көрінген жұртқа ақыл айтып, тәлімін сата алмайды. Арнайы дипломы барларға ғана тренинг өткізуге рұқсат. Құрылтай жаңа заң жобасын талқылады. Осы норма арқылы 16 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желіге кіруіне тыйым салу да көзделіп отыр. Елде тағы қандай өзгеріс болмақ? Аружан Задабектің материалы. 

Смартфонның сымын жастана жататын жеткіншектер үшін жаман жаңалық. Елде 16 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желіге кіруіне тыйым салатын заң қабылданғалы жатыр. Енді телефонға телміріп, таң атыратын «тентектер» тик-токты доғарып, инста әлеммен қоштасады. Бірақ хат алмасатын мессенджерлерді қолдануға шектеу жоқ. 

АРМАН ҚЫРЫҚБАЕВ, ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ АҚПАРАТ МИНИСТРІ:

Бүгінде балалардың платформалардағы ақпаратқа, оның ішінде зиянды және деструктивті контентке қол жеткізу іс жүзінде шектелмеген. Осыған байланысты он алты жасқа толмаған балалардың платформаларда тіркелуіне тыйым салу ұсынылады.

Амандасып, хал сұрасуға рұқсат етілген мессенджерлердің қатарында ватсап пен телеграм бар.Министрлік мұнда балаға төнетін қауіп жоқ дейді. Бірақ дәл осы платформаларда +16 немесе +18 атауымен ашылған канал көп. Оған кез-келген адам тіркеліп, жарияланған барлық жазбаны көре алады. Соған қарағанда жауаптылар жаудың жоқ жерден келетінін ескермеген сыңайлы. Бұдан бөлек, бала желі арқылы бақылайтын оқу сайттарына қалай кіру мәселесі де әлі реттелмеген. 

ДӘУЛЕТ КӘРІБЕК, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ, «ӘДІЛЕТ» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Салдарынан миллиондаған адам пайдаланатын электорнды күнделіктер осы шектеуге ілінуі мүмкін. Балаларға қауіп төндіретін 16+, 18+  санатындағы контент тарататын арналар бұл шектеуден тыс қалып отыр. 

Цифрлық қоғамда туылып, технолгиямен тебісіп өткен жас шектеу қойылған желіге кірудің түрлі тәсілін табары анық. Жасын өзгертеді, болмаса ВПН қосады. Ата-анасының құралын қолданбауына да кепіл жоқ. Қысқасы, амалын табады. Сол үшін депутаттар салдарымен емес, себебімен күресейік дейді. Яғни, білім бағдарламасына арнайы дәріс қосуды ұсынып отыр. Оған қоса мемлекет балаларға арналған міндетті SIM-карталарды енгізбек. Осы арқылы заңсыз сайттар автоматты түрде бұғатталады. 

ДУМАН БАЗАРБЕКОВ, ЗАҢГЕР:

Бұл, ең алдымен, балалардың қауіпсіздігін қорғауға бағытталған шара. Контентті заманауи технологиялардың көмегімен оңай бұғаттауға болады. Әлеуметтік желілер реттелмесе, одан ең алдымен жекіншектер зардап шегеді. Оның зияны бірден байқалмайды. 

Жаңа нормада шектеу тек балаларға ғана емес. Үлкендер сақтауы тиіс тәртіп те бар. Енді оқырман саны 5 мыңнан асатын желі қолданушылары аккаунтын тіркеуі тиіс. Заңды елемегендерге мемлекет тарапынан қатаң шара қолданылады. Керек болса парақшаны бұғатайды. 

АЙДОС САРЫМ, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ, «ӘДІЛЕТ» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Жалған ақпарат пен кибербуллинг иелерін анықтау қиын. ірі анонимді арналардан табылып жатады. Алайда қазіргі норма 5 мыңнан астам жазылушысы бар барлық парақшаны  қамтып отыр. 

Айтпақшы, «төрде» отырған ақжағалылардың жанұясын аңдуға да болмайды. Яғни, әйелі не киді, не ішті, қанша теңгеге көлік алды деп әлеуметтк желіге жариялаған фотосын ит талағандай талқыға салуға тыйым салынды. Бұл жеке өмірге қолсұғушылық. Сол сияқты өзгенің суретін өзінікіндей қолданатындар жауапқа тартылады. Бұдан былай бұрыңғыдай ашық дереккөзден алынған деп ақтала алмаймыз. 

АРМАН ҚЫРЫҚБАЕВ, ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ АҚПАРАТ МИНИСТРІ:

Өзінің жеке отбасымен демалыс уақытында бейнетаспаға ілінетін болса, әрине, рұқсатын сұрау керек. 

Қазір не көп психолог, коуч көп. Біреу бай болудың құпиясын ашам деп еліктірсе, енді бірі сұлу әрі іскер әйел болудың жолын үйретемін деп әуре. Бірақ сол тренинг өткізіп теңге тауып жүргендердің көбінде арнайы сертификат жоқ. Олар «аңқау елге арамза молданың» кейпін киіп, жұмысын дөңгелетеді. От ауызды, орақ тілді тренерлер енді дипломсыз «тәлім» бере алмайды. 

ЛӘЗЗАТ ЖЫЛҚЫБАЕВА, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ, «ӘДІЛЕТ» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Бәліштің рецептін бөлісетін әжеден де, тегін видео сабақ түсірген мектеп мұғалімінен де  диплом мен сертификаттар талап етіледі. + Қаіп төндірмейтін танымдық бейнероликтер түсіретін  азаматтарға жасанды шектеулер туғызып отыр. 

Қысқасы, талап қатал. Белгілі бір оқырманы бар кез келген адам әр сөзіне, ісіне жауап береді. Сайран салып, білгенін істейтін күн артта қалды. Аузына ақ ит кіріп, көк ит шығатындар жазасыз қалмайды. Сондықтан, отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарайтынын ұмытпаған жөн. 

АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Бір кездері интернет еркін пікір алаңы еді. Енді мұнда кімнің жасы нешеде, кімнің оқырманы қанша, кімнің дипломы бар – бәрі маңызды. Тәртіпті талап ететін Заң жобасы бірінші оқылымда қабылданды. Бірақ, бұл, әлі соңғы шешім емес. Алда талқылау мен нақтылау кезеңі бар.