Елдегі 5 681 су нысанының небәрі 208-і автоматтандырылған

  • AstanaTV
  • 18 қараша 2026

Су шаруашылығын жаңғыртуға қомақты қаражат бөлінгенімен, саладағы жұмыс қарқыны жоспарға сай емес. Елдегі 5 681 су нысанының небәрі 208-і автоматтандырылған. Каналдарды жаңғырту жоспары да толық орындалмаған. Осыған байланысты Құрылтай депутаты,  «Әділет» фракциясының мүшесі бюджет қаражатының тиімді жұмсалуына қатысты мәселе көтеріп, су инфрақұрылымын жаңғырту жобаларын тексеруді ұсынды. 

Су шаруашылығындағы көрсеткіштер көңіл көншітпейді. {ГРАФИКА}  Жоғары аудиторлық палатаның 2025 жылғы қорытындысы бойынша, елімізде 5 681 су нысаны бар. Оның ішінде 82 су қоймасы, 4 099 канал, 84 гидротехникалық құрылыс және 1 416 тік дренаж ұңғымасы тіркелген. Алайда жоспарланған 5 пайыздың орнына нысандардың тек 3,7 пайызы, яғни 208-і ғана автоматтандырылған.

ЖҰЛДЫЗ КӘРІМ, ҚОЛДАНБАЛЫ ЭТНОСАЯСИ ЗЕРТТЕУЛЕР ИНСТИТУТЫ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Бұл ұзақ мерзімді экологиялық дағдарысқа алып келуі мүмкін. Сонымен қатар, көршілес, Орта Азиядағы мемлекеттерге әсер ететін үлкен бір мәселе. Қазақта судың да сұрауы бар деп бекер айтылмаған. Ауыз суды үнемдеп қолдануда назар аудару керек.

Каналдарды жаңғырту жұмыстары да межеге жетпеген. Жоспар бойынша 728,4 шақырым канал жөнделуі тиіс еді. Бірақ іс жүзінде 496,5 шақырымы ғана жаңғыртылған. Бұған мердігермен жасалған шарттың бұзылуы себеп болған. 

РАСИМА БАХТИОЗИНА, КОМПАНИЯ БАС МЕНЕДЖЕРІ:

Біз жобаларды игерілген қаржы көлеміне қарап емес, нақты нәтижесіне қарай бағалаймыз. Біріншіден, тізілім талаптарына сәйкес, технология өзінің тиімділігін іс жүзінде дәлелдеуі керек. Яғни ресурстардың кемінде 30 пайызын қайта айналымға енгізуі немесе шығын көлемін кемінде 20 пайызға азайтуы тиіс. Екіншіден, үнемделген әр текше метрдің құнын есептейміз.

Биыл автоматтандырылған су нысандарының санын 881-ге дейін жеткізу жоспарланған. Алайда депутат Аббат Өрісбаевтың пікірінше, басты өлшем нысандар санымен шектелмеуі керек. Осыған байланысты ол су шаруашылығын жаңғырту және цифрландыру жобаларына кешенді тексеру жүргізуді, бюджет пен сыртқы қарыз қаражатының жұмсалуын бағалауды ұсынды.

АББАТ ӨРІСБАЕВ ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ, «ӘДІЛЕТ» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Су саласындағы мемлекеттік саясаттың нәтижелілігі игерілген қаражат көлемімен және жаңғыртылған нысандар санымен емес, ең алдымен судың нақты шығынын азайтумен, сумен жабдықтау сенімділігін арттырумен және пайдалану шығындарын төмендетумен айқындалуға тиіс. Мұндай бағалау болмаған жағдайда қаржыландыру көлемінің өсуі су шаруашылығы инфрақұрылымының жай-күйі жақсаратынына кепілдік бермейді.

Сондай-ақ тіршілік нәрін бастауынан бастап түпкілікті тұтынушыға дейінгі қозғалысын бақылау және су шығынын азайту тетіктерін енгізу қажет. Депутат қаржының қанша игерілгеніне емес, оның қандай нәтиже бергеніне басымдық беру керек екенін де атап өтті.