Ақтауда 10 мың орындық футбол стадионының құрылысы басталды. Жаңа спорт кешені бұрынғы резиденция аумағында орналасып, 17 гектардан астам жерді алып жатыр. Сондай-ақ, мұнда болашақ чемпиондарды тәрбиелейтін футбол академиясы бой көтереді.
аспий жағалауында сәулетті спорт маржаны бой көтермек. Айтулы нысан теңіз қабыршағы пішінінде салынады. Көлемі 105х68 метрді құрайтын жасыл алаң заманауи жылыту жүйесімен толықтай жабдықталады. Мұнда әзірге құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Десе де, нысан 3 жылдан соң тұрғындар үшін UEFA-ның төртінші санат талаптарына сай келетін бірегей әрі ірі спорт ордасына айналады.
АЗАМАТ ӨСІМБЕКОВ, «ВД СТРОЙ-ИНЖИНИРИНГ» БАС ДИРЕКТОРЫ:
Мұнда ең жоғары сапалы табиғи көгалды қолданамыз. Ал төртінші санат тек көгалмен ғана емес, жалпы жүйемен, жабдықталу деңгейімен, VIP аймақпен, журналистерге арналған орындармен, брифинг өткізетін залмен анықталады. Бұған қоса, футболшылар келетін кіреберістер, ауыстырып киетін бөлмелерге және артынша алаңға кедергісіз өту жолдары қарастырылған.
Алайда ауқымды кешен үлкен аренамен шектелмейді. Мұнда 150 орынға шақталған арнайы футбол академиясының есігі ашылады. Мұнда жастар шеберліктерін шыңдап қана қоймай, кәсіби тұрғыда сапалы дайындықтан өтеді. Ол үшін аумақта жатақхана, асхана, шағын футбол залы, жаттығу кешені, медициналық-сауықтыру блогы, оқу сыныптары мен конференц-зал да қарастырылған.
ЕРКЕБҰЛАН КӨКІШ, ОБЛЫСТЫҚ ҚҰРЫЛЫС, СӘУЛЕТ ЖӘНЕ ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:
Қазір сыртқы желілер жүргізіліп жатыр, су, тоқ деген сияқты. Болашақта сол алаңды қамтамасыз ету үшін. Бұл құрылыс үш жылға деп есептелді. Қазіргі уақытта үш жыл арасында жоба бойынша 2029 жылы тоқсанында аяқтау жоспарлануда.
Бас стадионнан бөлек, кешен жанынан 600 және 400 орындық трибуналары бар екі жаттығу алаңы бой көтереді. Сонымен қатар көлік қоятын тұрақтар мен бақылау-өткізу пункттері де жобаға сай салынбақ. Бір сөзбен айтқанда, бұл жаңа нысан тек жарыс өтетін орын ғана емес, еліміздің ертеңгі мақтанышына айналар жас таланттарды дайындайтын орталыққа айналады.