Жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар жастарға жаңа мүмкіндіктер ашып отыр. Осы орайда еліміздің бірнеше өңірінде жастардың технологиялық сауатын арттыруға және білімін жетілдіруге бағытталған бастамалар жүзеге асырылуда. Мәселен Шымкентте «SHYMKENT AI FORUM» технологиялық форумы өтті. Басқосуға IT, медицина және бизнес саласының мамандары, кәсіпкерлер мен жастар қатысты. Жиында жасанды интеллектінің даму келешегі, машиналық оқытудың мүмкіндіктері және технологиялық кәсіпкерлікті өркендету мәселелері талқыланды. Сондай-ақ денсаулық сақтау саласына цифрлық шешімдерді енгізудің маңызы сөз болды. Форум барысында жас кәсіпкерлер өз жобаларын таныстырып, Startup Alley алаңында инновациялық өнімдерін көпшілік назарына ұсынды. Ал Startup Battle байқауында стартап командалары 1 миллион теңге көлеміндегі жүлде қоры үшін бақ сынады. Сонымен қатар қатысушылар робототехника мен виртуалды шындыққа арналған интерактивті алаңдарда заманауи технологиялардың мүмкіндіктерімен танысты. Ал Павлодарда «Әділет» партиясының «Жасампаз AI» жобасы аясында жастарға жасанды интеллект құралдарын тиімді пайдалану жолдары үйретілді. Оқыту барысында қатысушылар заманауи технологиялардың көмегімен цифрлық контент әзірлеп, түрлі практикалық тапсырмалар орындады. Жастардың зияткерлік әлеуетін арттыруға Шығыс Қазақстан облысында да айрықша мән берілді. Өскеменде «Әділет» партиясының Жастар қанаты студенттер арасында интеллектуалды квиз өткізді. Зияткерлік сайысқа 60-тан астам жас қатысып, Президент Жолдауы, «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы, өңір тарихы мен мәдени мұрасына қатысты сауалдарға жауап берді.
ЖАНАТ МАКЕЕВА - "ӘДІЛЕТ" ПАРТИЯСЫ ШҚО ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ
Шығыс Қазақстан облысының белсенді жастары Президентіміздің жолдауының негізгі бағыттарын талқылауға арналған ойын түрінде осы QWIZ ойынын ұйымдастырып жатыр. Себебі біздің жастарымыздың көпшілігі белсенді қатысып жатыр қоғамдық жұмыстарға, өңірдің саяси бағыттарына да белсенді қатысып жатыр.