Енді терроризм туралы жалған хабар таратқандар 5 жылға дейін сотталуы мүмкін

Фото: polisia.kz

Биыл Қазақстанда терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабар таратқаны үшін 23 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Оның жетеуі – 14 пен 17 жас аралығындағы жасөспірімдер, деп хабарлайды Astana TV.

Ғимараттарға жарылғыш зат қойылғаны және басқа да қауіп-қатерлер туралы жалған хабарламалар тарату - ауыр салдарға әкеп соғатын әрекет. Мұндай хабарламалар телефон, электрондық пошта, мессенджерлер мен әлеуметтік желілер арқылы таратылады. Көп жағдайда осындай әрекетке өз ісін жай ғана қалжың немесе назар аудартудың амалы деп қабылдайтын жасөспірімдер барады. Интернетте бұл "сваттинг" деп аталады.

Бұл кезде хабарламада көрсетілген нысан, яғни мектептер, ауруханалар және басқа да мекемелер эвакуацияланады. Оқиға орнына полиция қызметкерлері, құтқарушылар мен арнайы қызмет өкілдері жіберіледі. Жүздеген адамның күнделікті жұмысы бұзылып, ресурстар мен қомақты қаражат жұмсалады.

ІІМ терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабар таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік 14 жастан басталатынын еске салады. Бұл қылмыс үшін бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Сонымен қатар кінәлі тұлғалар келтірілген залалды, оның ішінде шұғыл қызметтердің оқиға орнына баруы мен жұмысына жұмсалған шығындарды өтеуге міндеттеледі. Ойланбай жасалған әрекет қылмыстық жазаға ғана емес, отбасы үшін елеулі қаржылық қиындықтарға әкелуі мүмкін.