Бразилиядағы оқшау тайпа джунглиден шығып, жергілікті тұрғындардан тамақ сұраған
Амазония ормандарында сыртқы әлеммен байланыс орнатпай өмір сүріп жатқан ава байырғы халқының 20-ға жуық өкілі Бразилиядағы Арарибойя қорығына қарасты Тавари ауылына келген, деп хабарлайды Astana TV.
Олар жергілікті тұрғындардан жеуге жарамды тамыржемістермен бөлісуді сұраған. Бұл туралы Survival International құқық қорғау ұйымы хабарлады.
Ұйымның мәліметінше, сирек кездесетін мұндай байланысқа азық-түлік тапшылығы себеп болуы мүмкін. Заңсыз ағаш кесу мен браконьерлік тайпа мекендейтін аумаққа қауіп төндіріп, олардың дәстүрлі қорек көздерінен айырылуына әкеліп отыр.
Гуажажара халқына жататын жергілікті тұрғындар бұл кездесуді фото және видеоға түсіріп алған. Олардың айтуынша, орманнан шыққан ерлер, әйелдер мен балалар әбден жүдеп кеткен.
Ава халқы Амазониядағы аңшылық пен терімшілік арқылы күн көретін соңғы көшпелі қауымдардың бірі саналады. Қазіргі уақытта осы халықтың шамамен 100 өкілі әлі күнге дейін сыртқы әлеммен байланыс орнатудан бас тартып, оқшау өмір сүріп келеді.