Оралда SKY кафесінің жұмысы тоқтатылды
"Заң мен тәртіп" қағидатын іске асыру аясында Орал қалалық полиция басқармасы қоғамдық тәртіптің жай-күйіне талдау жүргізіп, құқық бұзушылықтар жиі тіркелетін ойын-сауық орындарын анықтады. Солардың бірі – қаланың Жеңіс шағын ауданында орналасқан, таңғы сағат 06:00-ге дейін жұмыс істейтін SKY кафесі, деп хабарлайды Astana TV.
Жыл басынан бері аталған мекемеге қатысты түнгі және таңғы уақытта полицияның "102" арнасына 70-ке жуық шақырту түскен. Сонымен қатар кафеде 10 қылмыс тіркеліп, бірнеше әкімшілік құқық бұзушылық анықталған.
Осы деректерді ескере отырып, Орал қалалық полиция басқармасы тиісті органдарға бірлескен тексеру жүргізу туралы ұсыныс жолдады.
Нәтижесінде қалалық Төтенше жағдайлар басқармасы және санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының өкілдерімен бірлесіп тексеру жүргізілді. Тексеру барысында бірқатар заң бұзушылық анықталып, кафенің қызметі тоқтатылды.
Орал қалалық полиция басқармасы қоғамдық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықтардың алдын алу және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырады.
Азаматтардың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету – полиция қызметінің басым бағыттарының бірі.